"Ол бәрін көріп тұрды": Марқұм әйелінің суретін тұғырда ұстап тұрған Олимпиада чемпионы туралы не білеміз

Опубликовано:

Маттиас Штайнер Олимпиада чемпионы атанған сәт
Маттиас Штайнер: olympics.com

Маттиас Штайнер 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында ауыр атлетикадан аса ауыр салмақта чемпион атанды. Бұл оның өміріндегі ең үлкен жеңісі болатын. Жеңіс тұғырына шыққанда ол марқұм әйелінің суретін ұстап тұрды, деп хабарлайды Championat сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Маттиас Штайнерді көпшілік тағдыры ауыр спортшылар қатарына жатқызады. Алдымен дәрігерлер жас спортшының қант диабетіне шалдыққанын анықтайды. Ақ халаттылар оған дереу спорттан кету керектігін айтқан. Бірақ Маттиас бұған құлақ аспай, қандағы қант мөлшерін асырмай, жаттығуды жалғастыра береді.

Негізі Маттиас Австрияда туып-өскен. Тіпті, алғашқы жарыстарына да сол мемлекеттің атынан қатысты. Алайда Афины Олимпиадасынан кейін құрама бапкерін жұмыстан шығарып тастайды. Ал Штайнер басқаларымен келіспей, ақыры Германияға ауысып кетті.

Ол Олимпиада қарсаңында мемлекет ауыстырғанына байланысты үш жылға дейін әлемдік додаларға қатысқан жоқ. Тек Бейжің ойындары жақындаған тұста жаттығуға кіріседі. Одан бөлек, Олимпиадаға бір жыл қалғанда оның әйелі Сьюзанн жол апатынан қайтыс болды. Ауыр қайғыдан құтылу үшін Маттиас бар күнін жаттығу залында өткізген.

Бейжің Олимпиадасында Штайнер жүлдеге үмітті спортшылар қатарында жоқ болатын. Мамандар одан еш үміт күткен жоқ. Алайда тынымсыз еңбегінің арқасында Маттиас +105 келіде Олимпиада чемпионы атанды. Бұл нағыз сенсация еді. Ол 258 келіні бағындырды.

Маттиас Штайнер бұл жеңісін ерекше атап өтті. Оның қуанышында шек болған жоқ. Ал марапаттау рәсіміне ол марқұм әйелінің суретін алып шықты.

"Мен оның өзіммен бірге болып, бәрін көргенін қаладым. Бір қызығы, ол менің қалай жеңгенімді, қалай биікте тұрғанымды көріп тұрғандай сезім болды. Тек оның суретіне қарау мен үшін өте ауыр болды", - дейді ауыр атлет.

Бұл Маттиас Штайнердің спорттық мансабындағы ең үлкен жүлдесі. Ол кейін Лондон Олимпиадасына қатысты, бірақ, жүлде алған жоқ.

Қазіргі таңда ол екінші рет отбасын құрып, екі бала тәрбиелеп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1992203-ol-barin-korip-turdy-marqum-aielinin-suretin-tugyrda-ustap-turgan-olimpiada-cempiony-turaly-ne-bilemiz/