Қажымұқан балуанның ауылынан шыққан жас спортшы Бурабай көлін екі сағатта жүзіп өтті

Опубликовано:

Әмір Махметтің Бурабай көлін жүзіп өткен кезі
Әмір Махмет сол жақта. Фото: жеке мұрағат

Ақмола облысының 16 жастағы тұрғыны Әмір Махмет небары екі ай жаттығудан соң Көкшетаудағы Бурабай көлін жүзіп өтті. Бұл осыған дейін де талай спорттық бәсекелерде озып шыққан Әмірдің кезекті жеңісі деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Әмір Махметов Ақмола облысында дүниеге келеді. Ол қазір Қажымұқан Мұңайтпасовтың туған ауылында тұрады.

Кішкентайынан батыр бабасының ерлігін естіп өскен Әмір спортта толағай жетістікке жетіп үлгерген. Ол джиу-джиутсудан әлем біріншілігінің қола жүлдегері, грепплингтен Азия чемпионатының күміс медаль иегері.

Жақында Әмір жүзуді де игере бастайды. Ол жүзіп үйренгеніне екі ай болғанда Бурабай көлін жүзіп өтуді мақсат етеді. Нәтижесінде, 4 шақырым 520 метрді ол 2 сағат 5 минутта жүзіп өтті.

Бәрін нөлден бастаған спортшы үшін бұл үлкен жетістік екені анық.

"Алда биік мақсаттар және оған жету жолында талай тер төгіп, тынымсыз жұмыс істеуім қажет. Маған өзім сияқты ауыл балаларын ынталандыру ерекше маңызды. Өйткені, көпшілік көкейінде жүзу сияқты спорт түрлерімен тек қала балалары айналысады деген қорқыныш бар. Негізінде, ауыл балалары үшін де алынбайтын қамал жоқ. Нағыз чемпиондар ауылдан шығады. Мен айналамдағы барша балалар мен жасөпірімдерді спортпен шұғылдануға шақырамын", - дейді Әмір.

Әмір спорттан бөлек, интеллектуалды білім жарыстарында да жиі көзге түскен. Ол болашақта еліміздің намысын ірі әлемдік бәсекелерде қорғауды мақсат етіп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/1992350-qazymuqan-baluannyn-auylynan-syqqan-zas-sportsy-burabai-kolin-eki-sagatta-zuzip-otti/