Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әлібек Әлденей: Ұлттық спорт - қазақты әлемге танытудың бірегей жолы

Опубликовано:

Әлібек Әлденей
Фото: Әлібек Әлденейдің жеке мұрағаты

Кез келген халықтың жаны мен рухынан хабар беретін – оның ұлттық тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрі. Ұлттың өзін мойындатудың ең тиімді жолы. Бұған бір ай бойы тұтас елді дүбірге бөлеген "Ұлы Дала Жорығы" марафон-бәйгесі кезінде көзіміз жетті. Мемлекеттік бюджеттен бір тиын алмастан, жеке азаматтардың бастамасымен жасалған жобаның қыр-сырын білу үшін The Great Steppe Tour қоғамдық қоры Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Әлібек Әлденейге арнайы жолықтық.

Әлібек Үсенұлы, Алматы телеарнасын басқарғаныңызды, Алматы қаласы әкімдігінде жұмыс істеп, одан кейін саяси партияда хатшы болғаныңызды білеміз. Бірақ әлеуметтік желіден байқағаным, біраздан бері ресми қызметтерден жырақтап кеткен сияқтысыз. Қазір қайдасыз?

– Иә, көктемнен бері Altyn Qyran Group компаниялар тобына қарасты Altyn Qyran Foundation қоғамдық қорының бас директоры қызметіне кірістім. Оның құрылтайшысы Исламбек Салжанов мырза бірге жұмыс істеуге шақырып жүргеніне біраз болған. Жарты жыл бұрын сол ұсынысты қабылдап, қазір мәдениет, білім беру, әлеуметтік инфрақұрылым салаларында ұлтқа пайдалы біраз жобаларды жүзеге асыруға үлес қосып жүрген жайымыз бар.

– "Ұлы Дала Жорығы" – сондай жобалардың бірі ғой?

– Иә, бұл тек көпшілікке арналған спорттық шара емес, ұлттың руханияты мен мәдени болмысын жаңғыртуға арналған ерекше жоба.

Қыркүйек айы бойы барлық республикалық ақпарат құралдары осы марафон-бәйге туралы толассыз хабар таратты. Одан бөлек, әлеуметтік желілерде, YouTube, Facebook, TikTok, Instagram, Telegram арналарында The Great Steppe Tour туралы бейне, фото, сұхбат – сан түрлі материалдар жарияланды. Марафон өткен 12 күнде барша ауыл-аймақтың халқы елеңдеп, жарыс туралы күнделікті жаңалықтар мен бейнежазбаларды күтіп отырды десек, артық айтқандық емес. Шыны керек, сайлаудан бетер қызықтырдыңыздар... Оның сыры неде?

– Ең басты себебі түсінікті деп ойлаймын. Қазақ – ат үстінде өмір сүрген халық. Жазы – жайлауда, күзі – күзеуде, қысы – қыстауда, көктемі – көктеуде өткен көшпенді халықтың негізгі мініс көлігі – жылқы еді. Одан қалса, ішер сусыны – биенің сүті, жейтін асы – жылқының қазы-қартасы болатын. Қазақтың өмір сүру салты жылқымен тығыз байланысқаны соншама, дүниетанымында, әдебиеті мен руханиятында Қамбар ата түлегінің орны бөлек.

Мысалы, ұлттық психологияның өзінде жылқы бейнесін салыстырмалы анализге қолданған. "Жылқы аласы – сыртында, адам аласы – ішінде" деп, адам танудың қиындығын меңзейді. Десе де, "Арғымақ аттың баласы аз оттап, көп жусайды, Асыл ердің баласы аз сөйлеп, көп тыңдайды" деп, жақсы мен жаманды айырудың жолын көрсетеді. Одан соң "Адам сөйлескенше, жылқы кісініскенше" деп жақсы қарым-қатынас орнатудың формуласын анықтап берген. Мұның бәрі "Адам жылқы мінездес" деген дүниетанымның көрінісі. Айта берсек, мысал көп.

Сондықтан "ат бейбіт күнде – көлік, қиын күнде – серік" дейтін, жылқы десе ішкен асын жерге қоятын халық "ат жарыс", "бәйге" десе елеңдеп тұратыны белгілі ғой. Оның үстіне, бұл марафон-бәйгенің өзгешелігі сол – 1200 шақырымдық қашықтыққа ат жарыс өткізу бұрын-соңды болмаған. Қазақстанда ғана емес, әлемдік тәжірибеде жоқ нәрсе. Сондықтан көптеген азаматтар үшін бұл жарыс – қазақ жылқысының мықтылығын көрсетуге таптырмас мүмкіндік болды.

Ал бір ай бойы елді қызықтырған ақпараттық науқан жасай алсақ, бұл – ат төбеліндей азғана, бірақ өз ісіне берілген командамыздың жұмысы.

Осы орайда, жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен, ол туралы елді алғаш құлақтандырған мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа ризашылығым шексіз.

Одан соң осы жобаның идеологиялық мәнін терең түсініп, шараның ашылу салтанатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың марафоншыларға құттықтау лебізін жеткізген AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошановқа айрықша рахмет айтамын.

Үш ай бұрын осы жобаның ұйымдастырушылық жұмыстары басталған кезден бастап бізге толық жағдай жасап, қолдау білдірген Altyn Qyran Foundation қоғамдық қорының Қамқоршылар кеңесінің төрағасы, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжановқа алғысымды білдіремін.

Марафон аясында арнайы ұйымдастырылған пресс-тур қатысушыларына марапат тағайындап, демеушілік көрсеткен ORKIN компаниясының негізін салушы Талғат Дюсековке де рахмет айтамын.

Бұдан бөлек, "Ұлы Дала Жорығын" ұйымдастыруға қаржылық көмек көрсеткен бас серіктес "Самрұқ-Қазына" қоры мен SportQory туризм индустриясы мен спортты қолдау қорына, оның жүлде қорын қамтамасыз еткен кәсіпкерлерге, сондай-ақ медиа нарықтағы ақпараттық серіктестерімізге алғыс айтамын.

"Көп түкірсе – көл" дейді. Осындай ауқымды жобаны қолға алған шағын топ болғанымен, оның ойдағыдай жүзеге асуына көптеген ұлтжанды азаматтар еңбек сіңірді. Оның ішінде, жергілікті әкімдіктердің, әсіресе, марафон жүріп өткен Астана қаласы мен Ақмола, Ұлытау, Қарағанды, Қызылорда мен Түркістан облыстарының басшылығына, ондағы мәдениет және спорт саласындағы азаматтарға бивактарды орналастыру, инфрақұрылым жасау сияқты мың-сан ұйымдастырушылық жұмыстарға көмектескені үшін ризашылық білдіремін.

Ұлттық мәні жоғары осындай ауқымды жоба жұрттың тілеуі, көптің еңбегі арқасында сәтті болды деп ойлаймын.

Марафон барысында оның идеясы қалай пайда болғаны жайлы идея авторы Бақытжан Тұрлыбектен БАҚ арқылы естідік. Дегенмен, жобаның қалай басталғанын өз аузыңыздан естісек. Атқұмарлық болмаса, мұндай жобаны қолға алуларыңыздың өзі екіталай болар ма еді?

– Рас, кез келген қазақ сияқты атқа деген көңіліміз алабөтен (күледі).

"Ұлы Дала Жорығы" марафон-бәйгесінің идеясын сонау 2019 жылы Бақытжан Тұрлыбек деген азамат ұсынған болатын. Бақытжан бұл ғана емес, 2018-2021 жылдары мектеп оқушыларына арасында батырлар жырларын жатқа айтуға арналған "Тұлпар мініп, ту алған" жобасының да авторы. Ол жобаның сәтті жүзеге асуына бір кісідей атсалыстық. Нәтижесінде, республика бойынша 100 мыңнан аса оқушы "Алпамыс батыр", "Қобыланды батыр", "Ер Едіге" жырларын жатқа айтты. Осы азаматтың бастамасымен 2019 жылы сәуір айының соңында Арқадан Созаққа бір жұмада жүріп өткен Кенесары ханның жолын қайталаймыз деп екі-үш жігіт атпен сапарға шығып, он бір күнде әрең жеткені бар. Тәуекел мен таза энтузиазмның арқасында жолға шыққан ғой. Бағыт-бағдар көрсететін JPS-құралы ғана болған. Маршрутты Google-дағы спутниктік карта арқылы сызған, ақыры біраз адасып, жолды ұзартып алған. Бұл – дайындықтың алғашқы сатысы десек те болады.

Екінші сатысы – биыл шілде айында Дәурен Бабамұратов, Нұрмұхамед Досыбаев, Бақытжан Тұрлыбек төртеуіміз астанадан атпен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бабаның басына зиярат етуге шықтық. Бұл жолы қолымызға JPS-құрал алып, топографқа маршрутты алдын ала сыздырып алдық. Жоспар бойынша күніне 100 шақырым жүріп, 330 шақырымды үш күнде басып өтуге тиіс едік. Бірақ жолда екі серігіміздің аттары болдырып, олар кері қайтуға мәжбүр болды. Ал Бақытжан екеуміз Павлодар облысының Ұзынбұлақ деген ауылында көкпар атын сатып алып, екі атпен діттеген межеге 3,5 күнде жеттік. Бұл жолғы басты кедергі – жолдағы егін алқаптары мен шағын көлдерді айналып өтуге тура келді. Дегенмен, бабы келіскен тұлпармен күніне 100 шақырым жүруге болатынын дәлелдедік.

Осы шағын экспедициялардың тәжірибесін ескеріп, шілде айында "Ұлы Дала Жорығын" дайындауға кірістік. Ең қиыны демеуші табу болды. Себебі жобаның ұйымдастырушысы да, жарнамашысы да – өзіміз, яғни, оның ақпараттық-идеологиялық түсіндіру жұмыстарын өзіміз жүргізіп, қажетті қаражатты да өзіміз іздеуге тура келді.

Есесіне, көздеген мақсат орындалды. Жобаның қалай өткеніне барша жұрт куә деп ойлаймын.

Осы жорықтан өзіңіз алған әсер қандай? Не ой түйдіңіз?

– Біз жарысқа барлық өңірлерді шақырдық. Қостанай облысынан басқа аймақтардың бәрі осы аламанға ат қосты, командаларын дайындап, арнайы аттандырды. Бұл – бір жағынан, шабандоздық пен атбегілік сынға түскен сайыс болса, екінші жағынан, еліміздің түкпір-түкпіріндегі жылқы тұқымдарының жарысы болды. Анығы, бұл марафон-бәйге ең алдымен қазақ жылқысының мерейін өсірді. Марафонға қатысқан қаншама шабандоз осы үшін бізге рахметін айтып, алғыс жаудырды.

Ақтөбелік жігіттердің "Осындай жарысты 20 жыл күттік қой" деген сөзі – осы марафонға берілген халықтың шын бағасы деп ойлаймын.

Қарағандылық шабандоздар мұндай аламан жарысқа тек қазақ жылқысы шыдайтынын айтып, оның бәсін өсірген осы шара үшін ризашылық білдірді.

Маңғыстаулық команда адай жылқысының мықтылығын дәлелдейміз деп тастүйін дайындықпен келген екен, ақыры, бас жүлдені жеңіп алды. Бұл – командалық еңбектің жемісі.

Олар несімен ерекшеленді?

– Ең әуелі, олар өңірдегі ең мықты шабандоздарды жинап алып, алдын ала іріктеу өткізген. Аттың құлағында ойнайтын мықтыларды таңдап алған.

Одан соң адай жылқысының ішіндегі ең жүйріктерін әбден баптаған.

Меніңше, оларды жеңіске жетелеген – командалық тәртіп пен жауапкершілік. Мысалы, кейбір командаларда бес шабандоз, бір атбегіден басқа ешкім болған жоқ. Яғни, күні бойы 100 шақырым атпен жүріп өткен шабандоздарды рухани демеп, командаға ерік-жігер беретін, күндіз-түні аттардың бабын жасайтын топтың ролі үлкен. Өзіңіз ойлап көріңіз, он екі күн бойы Арқаның жазығы, Бетпақтың шөлі, сары даланың құм-тасымен толассыз шабу – қандай мықты спортшыны да титықтататын нәрсе. Ал жылқылар үшін күніне 100 шақырым шабу тіпті оңай емес. Сондықтан бұл жерде шабандоздар мен жүйріктердің жағдайын жасап, бабын келтіріп отыратын топтың еңбегі орасан. Маңғыстаулық бапкерлер мен атбегілер тобы осыны жасады. Олар 1200 шақырымды 107 сағатта басып өтіп, «мұндай қашықтыққа ат та, адам да шыдамайды» деген сынның орынсыз екенін дәлелдеді.

Сондай-ақ жүлделі орындарға ие болған жетісулық, түркістандық, жамбылдық командалардың дайындығы өте жоғары деңгейде болды. Өкінішке қарай, ақтөбелік, шымкенттік, қызылордалық командалардың бабы келіссе де, бұл жолы бағы шаппады.

Атап өтерлік жайт, көптеген шабандоздар командалары жарыстан шығып қалса да, намысқа тырысып, марафонды жеке-дара жалғастырды. Ережеде жоқ болса да, олардың жеке шабуына рұқсат бердік. Нағыз ер жігіттің қайрат-жігері мен шын жүйріктің жүрісі сыналатын жарыста ешкімнің бағын байламайық деп шештік. Олардың ішінде де аттары болдырып, марафонға ілесе алмай қалғандар жетерлік болды. Сонымен, 6 өңірдің 13 шабандозы жарысты командалық есептен тыс жеке-дара аяқтады.

Меніңше, олардың еңбегі мен жігері ерекше атап өтуге тұрарлық. Олар – намыс пен өрліктің үлгісін көрсетіп, табандылық пен шыдамдылықтың өнегесі болуға лайық.Осыны ескеріп, 13 шабандозға жеке ынталандыру сыйлығын бердік. Бұл – әу баста жоспарда болмаған, бірақ өте дұрыс қабылданған шешім болды деп ойлаймын.

Өз басым осы марафоннан өте қанаттанып, үлкен әсер алдым. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қарапайым қазақ жігіттерінің көзіндегі отты көру керек. Олардың бойындағы ұлттық намыстың тегеурінді күшін сезіну керек.

Аттары болдырып, командасы жарыстан шығып, үйіне қайтуға мәжбүр болған шабандоздардың ешқайсысынан реніш сөз естіген жоқпыз. Бәрінің айтқаны бір-ақ ауыз сөз: «Келесі жолы қайтсем де жеңемін!». Міне, халықтың рухы!

Осындай азаматтарды көрген соң елдің болашағына деген сенімім арта түсті.

бәйге
Фото: Әлібек Әлденейдің жеке мұрағаты

Негізі, "Ұлы Дала Жорығы" деген атаудың өзі халықтың рухын серпілту үшін қойылған емес пе?

– Иә. Біз Қазақстанды Ұлы Даланың мұрагері ретінде көрсетуді мақсат тұттық. Біздің тарихымыз мұрағаттар мен мұражайларда ғана емес, мына кең байтақ даланың бедерінде, оның тауы мен тасында, оның бетінде тарыдай шашылған мәдени-тарихи ескерткіштерінде. Сондықтан да алғашқы жорықтың маршрутын өткен тарихымыз үшін киелі жерлердің үстімен сыздық. Аңызға бергісіз Алаша ханның басына арнайы тоқтап, Құран бағыштап, жиһангер Жошы хан кесенесіне түнеп шықтық. Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ қалашығына соғып, Ұлы Жібек жолындағы көне шаһардың бірі болған, Қазақстан хандығының бұрынғы астанасы, ал қазір – түркі әлемінің мәдени астанасы Түркістан қаласына ат басын тіредік. Жол бойы жер-су тарихын зерделеп, тарихи-мәдени ескерткіштердің маңызын түсінуге және ақпараттық серіктестеріміз арқылы насихаттауға күш салдық.

сурет
Фото: Әлібек Әлденейдің жеке мұрағаты

Алда қандай жоспарларыңыз бар? Жоба жалғаса ма?

– "Ұлы Дала Жорығы" еліміздің әлемдік аренадағы ұлттық бренді болуға лайық. Болашақта оны халықаралық деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз.

Қазақстан – адамзат баласы атты алғаш ерттеп мінген құтты мекен екенін айтып жүрміз. Мұны тек айтып қана қоймай, салтаттылар мәдениетін қалыптастырған қазақ халқы екенін әлемдік қауымдастыққа мойындатсақ дейміз.

Жаңа айтып өткен Мәшһүр Жүсіп бабамыздың мынандай сөзі бар: «Баласы кейін туған қайта қонса, Атаның отын қылған мұрасы бар» дейді. Ұлы көшпенділер өркениеті – біздің қайталанбас ұлттық бет-бейнеміз, өзгелерден ерекшелейтін сипатымыз және мыңжылдықтарға созылған тарихымыз. Оның ішінде руханиятымыз да, халықтық әдет-ғұрпымыз да, әдеби-мәдени мұрамыз да бар.

Басқаша айтқанда, әлемді мойындатудың бірегей жолы – ұлттық спорт түрлерін насихаттау. Дамыған мелекеттердің бәрі, мейлі Жапония, Британия, Еуропа елдері немесе АҚШ-тың өзі болсын, қазіргі мемлекеттік айбыны мен абыройын өз халқының өткен тарихы мен мәдениетіне деген құрмет негізінде қалыптастырған.

Өзіңіз қараңыз, Еуропада – викингтер мен кельттер, Жапонияда – самурайлар, Грецияда – спартандықтар, Англияда – рыцарьлар мәдениеті ұлттық мақтаныш пен мемлекеттің имиджін қалыптастыратын түрлі жобаларға арқау болды.

Біз әлемге өзімізді осындай ұлттық ерекшелігімізді көрсететін бірегей жобалар арқылы ғана таныта аламыз.

Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Халқымыздың сана-сезімі, құндылықтары түбегейлі жаңаруы керек. Сонда ұлттың жаңа сапасы қалыптасады" деп атап өтіп, "ұлтты ұйыстыратын парасатты, тың идеялар мен ұсыныстарға айрықша мән беруіміз қажет" деді.

Осы орайда, тек ат спорты емес, ұлттық салт-дәстүріміздің айнасы болатын басқа да ұлттық спорт түрлерін дамытуға мән беру керек. Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы кеше ғана Жаңаөзен қаласында Дәстүрлі садақ атудан тұңғыш чемпионат өткізді. Бұл да – Ұлы көшпенділердің мұрасын дәріптейтін, мәдени кодымызды айшықтайтын жоба.

Сондықтан алдағы уақытта қолға алсақ деген жоспарымыз көп. Бірақ "арық сөйлеп, семіз шығу" үшін орындалған іс туралы ғана айтқанды жөн көріп отырмын. Ең бастысы, ұлттың бірлігі мен болашағына пайдамыз тисе, сол маңызды.

Онда істеріңізге сәттілік тілейміз! Әңгімеңізге рахмет!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1993096-alibek-aldenei-ulttyq-sport-qazaqty-alemge-tanytudyn-biregei-zoly/

pixel