Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Келесі жылы 100 мың доллар беремін": Кеңес Рақышев бокстан Азия чемпионы атанған боксшыларға бес миллион теңгеден ұстатты

Опубликовано:

Боксшыларды марапаттау сәті
Боксшыларды марапаттау сәті. Фото: kfb.kz

Бүгін Қазақстан бокс федерациясы Аммандағы Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін ақшалай сыйақымен марапаттады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Ұйымның баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев өз атынан барлық жүлдегерге қаржылай сыйақы сертификаты мен iPhone PRO смартфонын табыстаған.

Сондай-ақ ортақ нәтижеге зор үлес қосқан команданың өзге мүшелері – бапкерлер қосыны, жеке бапкерлер мен ғылыми кешеннің қызметкерлері де назардан тыс қалмады. Олардың жалпы саны - 50 адам.

Сары құрлық бəсекесінің жеңімпаздары ҚБФ президентінен 5 миллион теңгеден алды. Олар: Алуа Балқыбекова (48 кг), Жайна Шекербекова (54 кг), Карина Ибрагимова (57 кг), Санжар Ташкенбай (48 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Айбек Оралбай (-92 кг).

Күміс жүлдегерлерге 2 миллион теңгеден берілсе, қола жүлдегерлерге 1 миллион теңге сыйақы табысталды.

Сондай-ақ Қайрат Сəтжанов пен Шəміл Сафиуллин бастаған бапкерлер қосыны 1,5 миллион теңгеден алса, боксшылардың жеке бапкерлері мен өзге қызметкерлерге 1 миллион теңгеден берілді.

"Мен Аммандағы финалдық кездесулерді аренадан көрдім. Жекпе-жектерді тамашалап отырып, "шешуші сəтте біздің боксшыларға не жетпей жатады?", деп ойландым. Шыны керек, алтын медаль үшін таласта жерлестеріміздің сүрініп жататыны жасырын емес. Боксшылардың психологиясын шыңдап, өзіне деген сенімін арттыру мақсатында Мəскеуден арнайы танымал мотиваторды шақырдым. Біз спортшылармен бірлесіп жұмыс істей береміз. Келер жылы бізді Өзбекстандағы әлем чемпионаты мен Қытай қабылдайтын Азия ойындары күтіп тұр", - деді Кеңес Рақышев.

Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) 2023 жылғы Ташкенттегі әлем чемпионатында жеңімпаздар 200 мың АҚШ долларын алатынын хабарлап үлгерді. Марапаттау рəсімі кезінде Кеңес Рақышев IBA сыйақысынан бөлек, топ жарған Ұлттық құрама боксшыларына өз есебінен 100 мың АҚШ долларынан беретінін мəлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1999463-kelesi-zyly-100-myn-dollar-beremin-kenes-raqysev-bokstan-aziya-cempiony-atangan-bokssylarga-bes-million-tengeden-ustatty/

pixel