Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жеңіс те, жеңіліс те бар": 2022 жылы қазақстандық спортшылар қандай жетістігімен көзге түсті

Опубликовано:

Шорт трек
Фото: Ұлттық Олимпиада комитеті/Владислав Семенов

Санаулы күндерден соң 2022 жыл да тарих қойнауына кетеді. Биылғы маусым қазақстандық спортшылар үшін жеңіске де, жеңіліске де толы болды. Осы орайда, KAZ.NUR.KZ жылдың үздік спорттық оқиғаларын назарларыңызға ұсынады.

Бейжіңнен құр қол қайттық

2022 жылдың басты спорттық жарыстарының бірі - Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындары. Аталған сынға Қазақстан құрамасы сапынан 34 спортшы қатысты. Олардың қатарында Пхенчхан Олимпиадасының жүлдегері, әлем чемпионы Юлия Галышева да болған. Өкінішке қарай, қазақстандықтар екі олимпиадалық циклде жалғасқан дәстүрді жалғастыра алған жоқ. Медальға қол созым жерден тоқтаған Абзал Әжіғалиевті ғана ерекшелеп айта аламыз. Ол отандық спортшылар арасынан ең жоғарғы нәтиже тіркеп, шорт-тректен 500 метрге жүгіруден төртінші орын иеленді. Спортшыларымыз жүлдесіз қалса да, Қазақстан командасының ашылу салтанатында киіп шыққан киімі әлемдік БАҚ назарына ілігіп, көпшіліктің көңілінен шықты.

Абзал
Абзал Әжіғалиев. Фото: Ұлттық Олимпиада комитеті/Владислав Семенов

"Үлкен дулыға" турниріндегі алғашқы жеңіс

2022 жыл Қазақстан теннисінің тарихында алтын әріптермен жазылады. Себебі біздің елдің өкілі "Үлкен Дулыға" турнирлерінде алғаш рет жеңіске жетті. Англияның ашық біріншілігі "Уимблдон" турнирінде қазақстандық Елена Рыбакина топ жарды. Ол финалда әлемнің сол кездегі екінші ракеткасы, тунистік Онс Жаберді үш сет қорытындысы бойынша ұтты. Ал турнир барысында Коко Вандева, Бьянка Андрееску, Чжэн Циньвэнь, Петра Мартич, Айла Томлянович, Симона Халем сынды әлем мықтыларын тізе бүктірді. Бұл жекелей сында қазақстандық теннисшілер жеңіп алған алғашқы ірі жүлде.

Теннис
Фото: Владислав Семенов, Қазақстан ҰОК

Кениялық қыздың Қазақстанға тартуы

АҚШ-та өткен жеңіл атлетикадан әлем чемпионатында Қазақстан тарихы тағы жаңарды. Елімізге келген легионер спортшылардың бірі Нора Джерута 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден әлем чемпионы атанды. Бұл қазақстандық атлеттердің әлем чемпионатында алғаш рет топ жаруы. Бірақ спортшының жеңісін отандық жанкүйерлер әрқилы қабылдады. Көпшілігі желаяқтарды шетелден әкелуге қарсы болған.

Легкоатлетка Нора Джеруто
Нора Джеруто. Фото: Sam Barnes/Sportsfile via Getty Images

Федоровтан бір алтын

Австралияда өткен тас жолдағы веложарыстан әлем чемпионатында Қазақстан қоржыны тағы бір алтынмен толықты. 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында өнер көрсеткен Евгений Федоров топтық кезең жеңімпазы атанды. Ол мәреге жақындағанда чехиялық Марек Вачек пен норвегиялық Серен Вереншельдті артта қалдырған. Осылайша, Федоров әлем чемпионатының алтынын алған екінші қазақстандық велоспортшы атанды. 2012 жылы бұл жетістікке Алексей Луценко қол жеткізген еді.

Евгений Федоров
Евгений Федоров мәре сызығын бірінші болып кесті. Фото: John Rohlhoff

Дзюдо мен күрес: әзірге алтын жоқ

Сондай-ақ қазақстандық балуандар биылғы әлем чемпионаттарында өнер көрсетті. Грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали, еркін күрестен Азамат Дәулетбеков әлем біріншілігінің қола жүлдегерлері атанды. Әйелдер күресінен Жәмила Бақбергенова қатарынан екі рет әлем чемпионатының күмісін иеленді. Әзірге балуандарда алтын жүлде жоқ.

Азамат Дәулетбеков Азия чемпионы атанған сәт
Азамат Дәулетбеков. Фото: instagram/azamat_dauletbekov

Дзюдодан Ташкентте өткен әлемдік сында Елдос Сметов пен Абиба Әбужақынова қола жүлдегер атанды. Екеуі де жеңіл салмақта сынға түскен болатын. Елдос әлем біріншілігіндегі үшінші жүлдесін жеңіп алса, Абиба қазақ қыздары арасынан әлем чемпионатында жүлде алған алғашқы спортшы ретінде тарихта қалды.

Дзюдоист Елдос Сметов
Елдос Сметов. Фото: Franck Fife/AFP via Getty Images

"Головкин - Альварес" текетіресі аяқталды

Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль "Канело" Альварес арасындағы үшінші жекпе-жекке биыл нүкте қойылды. Ешкімнен жеңіліп көрмеген Головкин мексикалық қарсыласын ұта алмады. Алғашқы кездесу тең аяқталып, екінші жекпе-жекте Альварес жеңіске жеткен еді. Өкінішке қарай, әлем жанкүйерлері асыға күткен үшінші кездесу де Саульдің еншісіне аяқталды. Головкин мансабына қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Белгілісі - отандық жанкүйерлердің оған деген махаббаты ортаймайды.

Геннадий Головкин
Геннадий Головкин. Фото: Sarah Stier/Getty Images

Ұлттар лигасында көш бастадық

Футболдан Қазақстан құрамасы да биыл жанкүйерді ерекше қуантты. Отандық футболшылар Ұлттар лигасындағы үшінші дивизионның С тобында көш бастады. Қазақстандықтар турнир барысында Әзірбайжан, Словакия және Беларусь құрамаларынан басым түсті. Қазақ футболының тарихында мұндай жетістік әлі болмағанын айта кеткен жөн. Енді футболшылар келесі айналымның жеребесі тартылатын күнді асыға күтуде.

Футболдан Қазақстан құрамасы матч алдында
Футболдан Қазақстан құрамасы. Фото: kff.kz

Аланның аяқ алысы

Үстел теннисінен Қазақстан тарихында тұңғыш рет Алан Құрманғалиев әлем чемпионы атанды. Қарағандылық спортшы Тунисте өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жұптық сын бойынша алтын медаль иеленді.

Алан Құрманғалиев әлем чемпионатында ойнауда, 2022 жыл
Алан Құрманғалиев. Фото: olympic.kz

Ал жекелей сында қоланы қанағат тұтты. Сондай-ақ Алан үстел теннисінен Азия чемпионатының қоласын иеленген алғашқы қазақстандық екенін де ұмытпаған жөн.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2002400-zenis-te-zenilis-te-bar-2022-zyly-qazaqstandyq-sportsylar-qandai-zetistigimen-kozge-tusti/

pixel