Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шахматтан әлем чемпионаты: 8 жасар қазақстандық FIDE директорын таңғалдырды

Опубликовано:

шахмат
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Алматы қаласында шахматтан Әлем чемпионаты өтіп жатыр. Бүгін ауқымды бәсеке аясында екі әлем чемпионатының күміс жүлдегері (U-14 пен U-18), әйелдер арасындағы гроссмейстер, Латвияның бұрынғы қаржы және экономика министрі, FIDE-нің қазіргі басқарушы директоры Дана Рейзниеце-Озола Астана және Алматы қаласындағы академия шәкірттерімен бір мезетте ойнады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тәжірибелі шахматшыны 24 жас баланың арасынан астаналық Кәрім Айтжан бір партияда жеңіп, таңғалдырды. Кәрім 8 жаста. Қатарластарының арасында блиц шахматтан Азия мен Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанып үлгерген.

"Қарсыласымның басымдығын көріп, жеңе алатыныма сенбеген едім. Тіпті, тең ойын ұсындым. Бірақ кейіннен таразы басын өзіме қарай аударып, партияның өз пайдама аяқтадым. Шебер шахматшымен ойнау қиын екен", - деді Кәрім Айтжан.

Айта кетейік, кеше чемпионаттың алғашқы күні рапидте 18 жастағы қазақстандық Зейнеп Сұлтанбек мамандарды қатты таңғалдырды. Ол 4 турда 3 рет жеңіске жетіп, тек бір ойында қарсыласына жол берді. Ал рапидтен былтырғы чемпионаттың күміс жүлдегері Бибісара Асаубаева 4 кездесуде 2 мәрте тең түсіп, бір ойында басым түсті. Тағы біреуінде ұтылып қалды.

Әлем чемпионатын ұйымдастырушылар – FIDE мен Қазақстан шахмат федерациясы. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігі қолдау көрсетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2003313-saxmattan-alem-cempionaty-8-zasar-qazaqstandyq-fide-direktoryn-tangaldyrdy/

pixel