Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Анам мені көркем гимнастикаға берген": Әбиба Әбужақынова дзюдоға қалай келгенін айтты

Опубликовано:

Әбиба Әбужақынова
Әбиба Әбужақынова. Фото: ijf.org

Әбиба Әбужақынова - қазақ қыздары арасында алғаш рет әлем чемпионатында топ жарған дзюдошы. Азия чемпионатының күміс, сондай-ақ Grand Slam турнирінің қола жүлдесін иеленген спортшы бұл оның алғашқы үлкен жеңісі, бірақ соңғысы еместігін айтады. Тек қазақ тілінде сұхбат беріп танымал болған жас дзюдошы KAZ.NUR.KZ тілшісімен болған әңгімеде балалық шағы, дзюдо әлеміне қалай аяқ басқаны және болашаққа деген арман-мақсаты туралы айтты.

- Сіздің бағыңызды ашқан жарыс 2022 жылдың соңында Ташкентте өткен әлем чемпионаты екені сөзсіз. Еліміздің спорт тарихында алғаш рет қазақ дзюдошы қыздары арасында жүлдеге қол жеткіздіңіз. Әңгімемізді содан бастайық. Дайындық қалай өтті?

- Әрине, әлемдік дода болғандықтан дайындық өте жоғары деңгейде болды. Бас бапкер мен жаттықтырушылар жеке оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Күнделікті денемізді шынықтырдық. Залда күніне үш мезгіл жаттықтық. Нәтижесінде үлкен додада лайықты өнер көрсеттік деп ойлаймын. Ел қоржынына екі қола жүлде түсті.

- Сіз үшін әлемдегі ең басты қарсылас кім?

- Әлем чемпионатына дүниежүзінің кіл мықты спортшылары жиналып, бәсекелесті. Әр спортшы - өзінше мықты қарсылас. Мен үшін мықтылардың бірі - жапониялық Нацуми Цунаде. Әлем біріншілігінде соған есе жіберген болатынмын.

- Сізді көбі басқа ұлт өкіліне ұқсатып жатады. Өзіңіз туралы айтып берсеңіз?

- Мен Ташкент қаласы Бостанлық ауданында тудым. 8-сыныпта Шымкент қаласына көшіп келіп, сол жердегі №49 мектепте білім алдым. Өзбекстанда туғандықтан көбі өзбек деп ойлап жатады. Бірақ ұлтым - қазақ. Мен туған Бостанлық ауданында қазақтар өте көп тұрады.

Әбужақынованың бала кезі
Әбиба Әбужақынованың бала кезі. Фото: Әбибаның жеке мұрағатынан

- Спорт әлеміне неше жаста келдіңіз? Неге таңдауыңыз дзюдоға түсті?

- Мені анам 3 жасымда көркем гимнастикаға берген. 4-сынып оқып жүрген кезде өз қалауыммен дзюдо секциясына ауысып кеттім. Дзюдо - әлемдегі ең танымал спорт түрі. Бұл күресте жанкүйер де, айналысатын спортшы да өте көп. Сондықтан топ жару өте қиын спорт саналады. 2018 жылы Қазақстан чемпионатында алтын медальді жеңіп алып, ұлттық құрамаға кірдім. 2016 жылы ел біріншілігінде қола жүлдеге ие болдым. Осы күнге дейін 15 шақты мемлекетте жарыста болдым.

Абиба Әбужақынова
Абиба Әбужақынова. Фото: ijf.org

- Алдағы жоспарыңыз қандай? Болашақта сізден қандай жаңалық күтеміз?

- Алда "Tashkent Grand Slam" жарысы бар. Бірақ ол додаға шығатыным белгісіз. Егер ол жерде өнер көрсетпесем, Тбилисиде өтетін біріншілікке барамын. Париждегі Олимпиада ойындарына лицензия ұтып алуға барымызды салып жатырмыз. Әзірге ең басты мақсат осы.

Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2009767-anam-meni-korkem-gimnastikaga-bergen-abiba-abuzaqynova-dzyudoga-qalai-kelgenin-aitty/

pixel