Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ешкімге оңай болған жоқ": Бас бапкер дзюдошылардың көрсеткішіне өз бағасын берді

Опубликовано:

Абылайхан Жұбаназар кезекті жеңістен соң
Абылайхан Жұбаназар. Фото: ijf.org

Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрама командасы Анталияда өтетін әлемдік Grand Slam жарысына қатысады. Әлемнің 86 елінен 700-ге жуық дзюдошысы 31 наурыз – 1 сәуір аралығында Түркия татамиінде бақ сынайды, деп жазады федерацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов жақында Тблисиде өткен Grand Slam жарысын қорытындылап, әлемдік бәсеке алдындағы жоспарымен бөлісті.

"Қазақстан құрамасы жаңа маусымдағы медальдар сериясын сәтті жалғастырып келе жатыр. Грузияда өткен жарыста ерлер екі медаль, қыздарымыз бір медаль ұтып алды. Ерлер арасында үздіктер қатарынан көрінген қос дзюдошымыз да ұлттық құрамаға енді қосылып келе жатқан жас балуандар.

Мағжан Шамшадин бұл салмақта өзін көрсетіп үлгерсе, Абылайхан Жұбаназар спорт мансабындағы ең ірі жетістігіне қол жеткізді. Абылайханның кешегі жеңісі кездейсоқ емес. Ол нәтижелі жұмыстың, қатемен жұмыстың жемісі. Өздеріңіз білесіздер, Ташкентте өткен Grand Slam жарысында ол өз салмағында жұбаныш белдесуіне дейін жетіп, қолаға қол созым жерде қалған болатын.

Ұлттық құрама мамандары әр жарыстан кейін, әр белдесуден кейін әрбір спортшымен жеке жұмыс істейді. Әсіресе, әр белдесу жеке талқыланады. Осындай сүбелі, бірлескен жұмыс араға 20 күн салып өз нәтижесін берді. Ұлттық құрама сапында 60 келіде Қанат Сейілхан ерекше күрес көрсетіп, 5-орынға табан тіреді. Ол Тблисиде жүлдесіз қалса да, мол тәжірибеге кенелді.

Қанатқа жеребе жолдас болды дей алмаймыз. Өз тобында әлем чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы, тәжірибелі кореялық дзюдошы Ким Вон Джинді, одан кейін Еуропа және әлем чемпионы, грузиялық Лухум Чхвимианиді жарыс жолынан шығарды. Өз тобынан үздік шығып, жартылай финалға дейін жетті. Алайда, жартылай финалда жарыс чемпионына жол берді. Қола жүлде үшін, өздеріңіз көргендей, отандасы, құрамадағы досы Мағжан Шамшадинмен күресті.

Қанат Сейілхан 2022 жылғы Қазақстан чемпионы. Осы салмақта Еуропа кубогтерінде топ жарып жүр. Әлемдік жарыстарға осылай қатыса отырып, тәжірибе жинай отыра, жүлдегерлер қатарынан да көрінеді деп сенемін. Біз қазір барлық жарыстарда негізгі құрам мен қосалқы құрам спортшыларын бірге алып жүрміз.

Негізгі құрам үшін мұндай ірі жарыстардағы мақсат – рейтингте ұпайын түгелдеп алу болса, қосалқы құрамдағы балуандар тәжірибе жинайды, әлемдік жарыстардың атмосферасын сезінеді, психологиялық тұрғыда бойларын үйретеді. Құрама алдындағы мақсат біреу ол – Олимпиадалық рейтингте жоғары позицияны иелену.

Біз үшін әрбір Grand Slam жарысы, әрбір IJF турнирі Олимпиада ойындарына деген баспалдақ. Антальядан кейін ұлттық құрама спортшылары әлем чемпионатына қатысады. Одан кейін бізді Астана қаласында өтетін әлемдік Qazaqstan Barysy Grand Slam күтіп тұр. Одан кейінгі негізгі жарыс – Азия ойындары. Біздің мақсат осы аталған әрбір додада ел намысын абыроймен қорғау. Сол үшін федерация басшылығы, ұлттық құраманың бапкерлер қосыны және дзюдошлар бірлесе аянбай еңбек етеміз", - дейді ұлттық құрама бапкері Нұрбол Сүлейменов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2014391-eskimge-onai-bolgan-zoq-bas-bapker-dzyudosylardyn-korsetkisine-oz-bagasyn-berdi/

pixel