Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Кінәлі болсам жаза қолданар еді": Ақжүрек Таңатаров қызметінен қалай босатылғанын түсіндірді

Опубликовано:

Ақжүрек Таңатаров
Ақжүрек Таңатаров брифинг өткізді. Фото: KAZ.NUR.KZ

Олимпиадалық резервтің Жамбыл облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжі басшысы қызметінен "заңсыз қуылғанын" айтқан Олимпиада ойындарының жүлдегері Ақжүрек Таңатаров журналистерге арнайы брифинг ұйымдастырды. Белгілі балуан бұған дейін өзіне қатысты Жамбыл облыстық спорт басқармасының басшысы Арман Ташметов айтқан мәліметтерді жоққа шығарды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

2021 жылдан бүгінге дейін Олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің басшысы болған спортшы мекеме бюджетінің қалай жұмсалғаны туралы қысқаша айтып өтті.

"2021 жылы Ақжүрек Таңатаров интернат оқушыларының киімге бөлінген 3 млн 109 мың теңгесін жұмсаған деген. Бірақ мен жұмысқа келгенге дейін осы спорттық киімдерге конкурс ойнатылып қойған. Бұл экономиядан қалған ақша. Оған басқарма басшысы қол қоймай, ақшаны еш жерге жұмсай алмаймын. Неге десеңіздер - бізде базардағы сияқты өзің саудаласып отыратын жер емес. Әр теңгені, әр тиынды басшының келісімі, рұқсатымен ғана жылжытасыз. Сол себепті бұл ақша оқу-жаттығу жиынына қаражат жетпей жатқандықтан бұрынғы басқарма басшысының рұқсатымен жұмсалған", - деді Ақжүрек Таңатаров.

Сондай-ақ ол интернат тәрбиеленушілерін тамақтандырудан қағып, оқушыларды онлайн оқуға рұқсатсыз жіберді деген басқарма басшысының сөзін де жоққа шығарды.

"2021 жылы мен жұмысқа келгенге дейін тамақтану қаржысына ақша сұралып қойған. Сол себепті 2022 жылы бізге берілген 29 млн теңге ғана болатын. Ол қаржы жылдың басынан жетіспейтіндігін көріп, көз жеткізгеннен кейін басқарма басшысынан қаражат сұрадым. Менде оның барлық құжаты бар. Заң жүзінде тіркелген. Мекеменің кіріс-шығыс құжаттарында да тұр. 2021 жылы маған дейін 59 млн теңге ақша бөлінген. Ол ақшаның 29 млн теңгесі 4 айға жетті. Қалған 30 млн теңгесін маған дейінгі басшы басқарма басшысымен келісім жасап, әр түрлі бағытқа жаратқан. Келесі жылы оқушыларға тамақ жетіспегендіктен интернатты жаптық", - деді спортшы.

Сондай-ақ спортшы мекеменің жабылу себебіне байланысты құзырлы органдар тексеріс жүргізгенін де айтты. Өзінің құжаттары дұрыс болғандықтан, спорт басқармасындағы жауапты мамандарға сөгіс жариялағанын жеткізді.

"Кінәлі болсам прокурорлар жаза қолданар еді", - дейді ол.

Ал интернат шатырының уақтылы ауыспағанын ол ақшаның берілмегенімен байланыстырды. Сондай-ақ ол 2021-2023 жылдары 52 оқушының мектеп-интернаттан шығарылу себебін де түсіндіріп өтті.

"Сол үш жыл ішінде кеткендердің барлығы менің кезімде шығарылмаған оқушылар. Менің тұсымда интернаттан нақты 38 оқушы шықты. Оның ішінде 9 спортшы өз еркімен кетті. Көбісі ҰБТ тапсырамыз, дайындаламыз деп кетті. Содан мен нақты спортпен айналысамын дегендерін іріктеп, қалғандарынан интернатты тазарттым", - дейді балуан.

Сондай-ақ, брифинг барысында Ақжүрек Таңатаров өзіне жаңа жұмыс ұсынылмағанын да тоқталды.

"Маған жаңа қызмет ұсынылған жоқ. Ұсынылмайтыны әу баста, басқарма басшысына кірген кезде айтылды. Заң бойынша адамды жұмыстан шығаратын кезде бір ай бұрын ескерту беруі керек. Маған басқа жұмыс ұсынуы керек еді. Бірақ маған ештеңе ұсынбады. Мені бір жылдық келісімшартпен жұмыстан босатты. Бірақ ол шартты маған спорт басқармасының қызметкері "қол қоятын құжаттарың қалып кетіпті" деп шақырып алып, ұсынды. "Жаңа басшы келді, тексеріп жатыр" деп өтіп кеткен датамен, яғни, 2021 жылмен қол қойғызды. Қолымды қойғаным рас. Бірақ ертең сараптамадан қағаздарға қашан қол қойғаным, барлығы шығады. Менде оның түпнұсқасы тұр", - дейді Таңатаров.

"Әділетсіздіктің құрбаны ретінде қызметімнен қуылдым" деген спортшы соңына дейін күресемін деп отыр. Ол сотқа арыз түсірмек. Бұған дейін ол ел президентіне бейнеүндеу де жолдаған болатын.

Айта кетейік, Ақжүрек Таңатаров еркін күрестегі жетістіктері мен спортқа қосқан үлесі үшін "Құрмет" және "Парасат" орденін алған.

Автор: Дана Мұхарбек

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2019108-kinali-bolsam-zaza-qoldanar-edi-aqzurek-tanatarov-qyzmetinen-qalai-bosatylganyn-tusindirdi/

pixel