Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әлем чемпионатында өзге елдің намысын қорғайтын қазақ боксшылары кім

Опубликовано:

Руслан Абдуллаев
Руслан Абдуллаев. Фото: olamsport.com

Бокстан Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатына Қазақстан құрамасынан бөлек, өзге елдердің намысын қорғайтын этникалық қазақтар да қатысып жатыр. Бұл туралы Bassport.kz сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Руслан Абдуллаев, Өзбекстан

Өзбекстанда өмірге келген қазақ боксшысын жергілікті жанкүйер жақсы таниды. Абдуллаев 2019 жылы Қазақстанға келіп, ел чемпионатына қатысқан болатын. Бірақ жартылай финалда Сабыржан Аққалықовқа есе жіберді. Содан соң ұлттық құрамаға ілікпеген Руслан Өзбекстанға қайта оралып, 2021 жылы көрші ел чемпионатында топ жарды. Одан бөлек, Өзбекстанның үздік боксшысы атағын да иеленді. Абдуллаев 2022 жылғы Азия чемпионатының алтын жүлдегері. Сол сында ол қазақ боксшысы Санатәлі Төлтаевты сенімді ұтып, сары құрлықта қарсылас шыдатпаған болатын. Ташкенттегі әлем біріншілігін Абдуллаев өте жақсы бастап, Пуэрто-Рико спортшысын еш қиындықсыз ұтты. Өзбекстандағы қазақ боксшысы 63,5 келіде чемпиондық атаққа басты үміткерлердің бірі.

Азат Махметов, Бахрейн

Азат Махметов жеңіске жеткен сәт
Азат Махметов. Фото: kfb.kz

Қазақстан құрамасында ұзақ жылдар бойы тер төккен Азат Махметов былтырдан бері Бахрейн туы астында сынға түсуде. 51 келіге дейінгі салмақта бақ сынайтын Махметовтің еліміздегі бәсекелестікке төтеп бере алмағаны анық. Себебі бұл салмақта әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының жүлдегері Сәкен Бибосынов бар. Азаттың азаматтық ауыстыруына Қазақстан бокс федерациясы да қарсы болған жоқ.

"Азаттың бұл өтінішіне түсіністікпен қарадық. Азат талантты әрі тәжірибелі боксшы. Бахрейн құрамасында оған тек сәттілік тілейміз. Бұл әзірге командаға түскен жалғыз өтініш. Одан бөлек, ұлттық құрама ауыстыру ниетінде жүрген боксшылар жоқ, - деген болатын Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков.

Азат Махметов Бахрейн сапында Амманда өткен Азия біріншілігіне қатысып, алғашқы жекпе-жекте жапониялық әлем чемпионы Томоя Цубойдан ұтылды.

Тоқтарбек Таңатхан, Қытай

Тоқтарбек Таңатқанұлы11
Тоқтарбек Таңатқанұлы. Фото: kazakcnr.com

Бокстан Қытай чемпионы Тоқтарбек Токио Олимпиадасында бақ сынап үлгерді. Ол аталған сында 75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті. Ал Олимпиадаға жолдама беретін Аммандағы іріктеу турнирінде Әбілхан Аманқұлдан ұтылған болатын. Жапониядағы төртжылдық додасында Тоқтарбек пен Әбілханның жолын болашақ чемпион, бразилиялық Эберт Кон­сейсан Соуза кескен еді. Екеуі де Олимпиада жеңімпазынан ұтылды. Қазіргі таңда Тоқтарбек кәсіби бокста да бақ сынап жүр. Бүгінде ол 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесіне ауысып, Ташкенттегі алғашқы жекпе-жегінде армениялық Хамбардзун Акопяннан басым түсті.

Данабек Байғазы, Қытай

Данабек Байғазы рингте
Данабек Байғазы. Фото: youtube/@idris1977

Аса ауыр салмақта бақ сынайтын қазақ боксшысы Қытай біріншілігінде көзге түскен. Ташкенттегі әлем біріншілігінде ол алғашқы кездесуін өткізіп, жеңіске жетті. Данабек хорватиялық боксш Лука Пратьячичті ұтқан. Ертең Қытайдағы қазақ боксшысы әлем чемпионатынык күміс жүлдегері, армениялық Давид Чалоянмен жұдырықтасады.

Бекнұр Қали, Моңғолия

Бекнұр Қали бапкерімен
Бекнұр Қали. Фото: facebook/Анық Көкенайұлы

Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан қазақ боксшыларын жиі кездестіруге болады. Солардың бірі – 92 келіде бақ сынайтын Бекнұр Қали. Бекнұр Өзбекстандағы әлем чемпионатына қатысатын боксшылар қатарында болған. Бірақ жарақатына байланысты шаршы алаңға шыққан жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2019268-alem-cempionatynda-ozge-eldin-namysyn-qorgaityn-qazaq-bokssylary-kimder/

pixel