Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандық параспортшы Малика Мұхтарова өмірден өтті

Опубликовано:

Малика Мұхтарова
Малика Мұхтарова. Фото: instagram.com/muktarova_malika

Қостанайда 23 жастағы параспортшы Малика Мұхтарова дүниеден озды. Қайғылы хабар туралы Қазақстанның Ұлттық паралимпиада комитеті Instagram парақшасында хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Спортта да, өмірде де жеңілмеген Малика Мұхтарованың мезгілсіз қайтыс болуына байланысты оның отбасына көңіл айтамыз", - деп жазды Ұлттық паралимпиада комитетінің өкілдері Instagram-дағы stories бөлімінде.

Марқұмның Instagram парақшасындағы stories бөлімінде оны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 17 мамыр күні сағат 10:30 Қостанай қаласы Маяковский 104а көшесіндегі Аймағамбет Қажы Спанұлы мешітінде өтетіні хабарланған.

Қазақпараттың хабарлауынша, Малика Мұхтарова бала кезінде "Балалардың сал ауруы" диагнозы қойылғанына қарамастан, табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында 2015 жылы спорттық бал биінен Қостанай облысының бес дүркін чемпионы болған. 2016 жылдан бастап халықаралық байқауларға қатыса бастаған.

2016 жылдың қыркүйегінде ол Санкт-Петербург қаласында өткен жарыста арбада отырып билеуден әлем кубогының қола жүлдегері, сол жылдың қараша айында Тайваньда арбада отырып билеуден Азия чемпионы болған. Ол Азия чемпионатында екі алтын, бір қола медаль еншілеген.

Ал 2017 жылдың маусым айында Қазақстан чемпионы болған. Сол жылдың 20-23 қазанында Бельгияда өткен әлем чемпионатында екі қола медаль иеленген.

Кейін ол екі мәрте Азия кубогында чемпион болып, екі мәрте әлем кубогының қола жүлдегері атанған. Сондай-ақ қостанайлық параспортшы 2021 жылы Италияда өткен әлем кубогында күміс, ал 2022 жылы күзде Словакияда өткен әлем кубогында алтын медальға қол жеткізген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2020640-qazaqstandyq-parasportsy-malika-muqtarova-omirden-otti/

pixel