Қостанайлық ардагер Гиннестің рекордтар кітабына кірді
Опубликовано:
Қостанайлық спорт ардагері Александр Чебаный Архангелде (Ресей) өткен гир көтеру спортының чемпионаты аясында әлемдік рекорд орнатты.
"Жарты сағат бойы 300 спортшы синхронды түрде 16 келілік гирді көтеріп тұрды. Барлық гир көтерушілер мұндай ауыр күшті қажет ететін марафонға шыдап шығып, нәтижесінде рекорд орнатылды. Ол Гиннестің рекордтар кітабының келесі басылымына енгізілетін болады",- деп хабарлайды Қостанай облысы ІІД баспасөз қызметі.
Рекордсмендер қатарында Александр Чебаный да болды. Қостанайлық гир көтерушіге арнайы медаль мен сертификат табыс етілді. Жарысқа Ресей, Еуропа елдері, Азия мен Африкадан келген спортшылар қатысты.
"Ресейдің Архангел қаласында бір апта бойы шеберлер арасында гир көтеру спортынан Әлем чемпионаты өтті. Әртүрлі жас және салмақ категориясында 300 спортшы медальдар үшін бақ сынасты. Қазақстан атынан екі ардагер шықты, оның ішіндеҚостанай облысы ІІД "Динамо" спорт бірлестігінің жетекші маманы Александр Чебаный бар",- делінген хабарламда.
Спортшы 70-74 жас тобында, 65 келі салмақ категориясында өнер көрсетті. Қостанайлық ардагер жеңіске жетіп, бірден екі алтын медаль алды.
Гиннестің рекордтар кітабының спорт комиссары Джек Брокбэнк Александр Герасимовичті гир көтеруден өткізіліп жатқан барлық сайыстарға белсенді қатысып жүргені үшін жеке алғыс айтып, оған естелік медаль мен ұйымдастырушылар атынан сертификат табыс етті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/290438-kostanajlyk-ardager-ginnestin-rekordtar-kitabyna-kirdi/