
Париж Олимпиадасында Тунис еліне таеквондодан 1 алтын, 1 қола медаль алып берген қазақ бапкері Есбол Сұлтанов бокстан Қазақстанның бұрынғы бас бапкері Мырзағали Айтжановпен туыстық қатынасы бар екенін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Есбол Сұлтанов күні кеше таеквондодан "Жылдың үздік бапкері" атанған еді. Ол Instagram-дағы парақшасында екі жыл қатарынан әлемнің үздік бапкері атағын иеленген Мырзағали Айтжанов туралы жазды.
"Қазақстан тарихында әлемнің үздік бапкері атағын алған екі бапкер екенбіз. Мырзағали Айтжанов ағам 2013, 2014 жылдары бокстан AIBA тұжырымы бойынша және де мен таеквондодан 2024 жылы World Taekwondo тұжырымы бойынша алдық.
Осындай тарихты жасаған білікті бапкер Мырзағали Айтжанов расында да менің жақын ағам. Ағайынбыз, Шымкенттегі қасиетті Қарабастау ауылынан шыққан үлкен бір әулеттенбіз. Мырзағали ағамызға еліктеп спортқа келдік. Мектеп жасында жүздеген балалардың қатарында тікелей ағамның қол астында бокспен де айналыстым. Бапкерлік жұмысым барысында ағамнан көп кеңес, ақылын алып отырдым. Қазақ спортының тарихында өшпестей із қалдырған ағамды ерекше құрметтеймін. Көп жасаңыз аға! Алдымызда таудай болып жүре беріңіз!", - деп жазды Сұлтанов.
Айта кетейік, Есбол Сұлтанов 2023 жылдың қыркүйегінде Тунис мемлекетінің шақыруымен шетел асқан болатын. Биыл жазғы Олимпиада ойындарында оның шәкірттерінің бірі қола медаль жеңіп алса, бірі чемпион атанды. Жақында жаттықтырушыға таеквондодан Қазақстан федерациясы ұсыныс білдіргені мәлім болды.
Мырзағали Айтжанов Париж Олимпиадасынан кейін бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметінен кеткен еді. Оның орнына Қайрат Сәтжанов тағайындалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/about-sports/2196716-agaiynbyz-bir-aulettenbiz-esbol-sultanov-myrzagali-aitzhanovpen-tuystyq-qatynasy-turaly-aitty/