jitsu gif branding logo appbranding logo app
Спорт

    "6 баласы бар, кішісі 5 айлық": көршісінің қызын құтқармақ болып, ажал құшқан бапкер туралы тың дерек айтылды

    Нұрбол Бердіғалиев
    Нұрбол Бердіғалиев. Фото: instagram.com/galymbek_zhaxylyk

    Жуырда Ақтөбе облысы Жарлы ауылында көз жұмған бапкер марқұм Нұрбол Бердіғалиевке қатысты тың деректер шықты. Қоқыс толы құдыққа құлап кеткен 9 жасар қызды құтқармақ болып, өзі де ажал құшқан бапкердің артында алты баласы қалған. Бұл туралы спорт журналисі Ақырыс Сейітқазы желідегі парақшасында жазды.

    Журналистің айтуынша, бапкердің артында шиеттей 6 баласы қалған. Оның ең кішісі 5 айлық. Одан бөлек, бапкердің отбасына тиесілі баспанасы да жоқ болып шықты. Журналистің сөзінше, Нұрболдың жаназасына келген замандастарының қарасы көп болған. Облыстық спорт басқармасы мен жергілікті спорт қауымдастық өкілдері, жанашыр азаматтар, ел ағалары барынша қол ұшын беріп, қаржылай көмек ұсынған. Дегенмен, Нұрболдың артында қалған алты баласына әлі де қолдау қажет, дейді ол.

    "Әсіресе, баспана мәселесі шешілмей тұр. Себебі, Нұрбол Бердіғалиев 2017 жылы Байғанин ауданының орталығынан Жарлы ауылына көшіп барады. Сол жақта жаттықтырушылық жұмысқа тұрып, 2019 жылы "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша үй алған. Бұл үйдің ақшасы әлі төленіп жатқандықтан, баспана ресми түрде Нұрболдың атына өткен жоқ. Демек, қазір марқұмның алты баласы тұрып жатқан үй әлі мемлекет меншігінде. Байғанин ауданының әкімдігі осы мәселеге назар аударса деген өтініш бар. Нұрбол Бердіғалиевтің артында 2014, 2015, 2018, 2019, 2022, 2025 жылдары туған алты бала жетім қалды! Ең кіші қызы бес айдан енді асқан сәби. Алты бала үшін бұл отбасы мемлекеттен 94 мың теңге жәрдемақы алады. Марқұмның әйелі бала күтімімен үйде отыр, жұмыс істемейді. Күні кешеге дейін отбасын Нұрболдың өзі алға сүйреп келді", - дейді ол.

    Сондай-ақ Сейітқазы Нұрбол көзі тірісінде ешкімнен қол жайып, көмек сұрамағанын, керісінше, бапкерге берілетін азғантай жалақының берекесін тауып, өзінің алты баласынан бөлек, қол астында жаттығатын жас спортшылардың жағдайын жасап отырғанын тілге тиек етті.

    "Шәкірттерін жарысқа жетелеп, спорттық киімдерін әперіп, жазғы демалыста шомылуға апарып, қызықты кештерді жиі ұйымдастыратын. Одан бөлек, жақын достарына қолқа салып, жарыста жеңімпаз атанған жас балуандарын ынталандыру мақсатында ақшалай сыйақы да алып беретін. Марқұмның әйелінің айтуынша, Нұрбол алақандай Жарлы ауылынан жұлдыз шығарамын деп, қатты армандапты. Шәкірттері Қазақстан чемпионатында жүлде алып, республикалық "Ауыл спорты" жобасында топ жарған. Ол Байғаниннен әлем, Олимпиада чемпионын шығарамын деген арманмен көз жұмды... Балуанның жайын балуаннан артық кім түсінеді? Азғантай ғұмырында қазақ спортына үлес қосып үлгерген Нұрбол Бердіғалиевтің отбасына Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров назар аударса деген тілек бар. Аңырап қалған алты балаға облыс орталығы Ақтөбе қаласынан пәтер берілсе, марқұмның балалары шалғай ауылдан қалаға келіп, орталықта білім алса деген ой көкейімізді тесіп барады", - деді журналист.

    Еске салсақ, 19 маусымда Ақтөбе облысы Байғанин ауданына қарасты Жарлы ауылында қайғылы оқиға болған. Аулалардың бірінде тереңдігі шамамен 10 метр болатын, іші қоқысқа толы құдыққа 9 жастағы қыз бала құлап кеткен. Мұны көрген 1987 жылы туған ер адам бірден көмекке ұмтылып, өздігінен құдыққа түскен. Алайда, кейін өзі де қайта шыға алмай қалған. Көз жұмған ер адам еркін күрес бапкері — Нұрбол Бердіғалиев болып шықты.

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.