Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Танымал қазақ боксшысы қалай қатардағы таксишіге айналды? (фото)

Опубликовано:

Кәсіпқой бокстан аса ауыр салмақтағы Қазақстанның тұңғыш чемпионы шымкенттік Талғат Досановтың спорттан біржолата кеткеніне биыл - 7 жыл. Бүгінде ол Шымкентте жеңіл көлігімен жолаушы тасымалдап жүр. Кезінде аты елге танымал болған спортшы  қарапайым «таксист» қатарына қалай қосылды? Бұл сұраққа жауапты NUR.KZ-тің өңірдегі тілшісі іздеп көрді.

1977 жылы дүниеге келген Талғат Досанов алғаш рет спорт залға 8 жасында келген. Біраз жыл өткен соң Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанған оның  жүрегіне салмақ түсіп ауруханадан бір-ақ шығады. «Шамадан тыс жаттығудың салдарынан ауруханаға түстім. Бір жылдай емделдім. Ауырған кезімде спорттағылар маған нүкте қойып, қайта ораларыма күмәнмен қарады» деп әңгімесін бастаған чемпион залға қайта келгенін айтты.

17 жасында ол Қарағандыда өткен Қазақстан чемпионатында II-орынды қанағат тұтады. Тура бір жылдан соң аталған турнирде тағы да бағын сынап, топ жарады. Ел құрамасында жүріп әйгілі боксшылар Ермахан Ыбрайымов, Мұхтархан Ділдәбековтермен бірге талай жарыстарда көзге түскен Досанов 2000 жылы кәсіпқой боксқа ауысады. 9 жылдан кейін аса ауыр салмақ дәрежесі бойынша кәсіпқой бокстан Қазақстанның тұңғыш чемпионы атанады.

Спортшыға бұл атақ алматылық Қанат Алтаевпен өткен кездесуден соң берілді. Одан кейін тұңғыш чемпионның есімі айтыла бермейтін болды. Тіпті бүгінде оны білетіндердің қатары азайып кетті. Осы ретте біз шымкенттік спортшы Досановпен арнайы сұхбаттастық.

- Талғат, 2009  жылдың сәуірінде чемпиондық белбеуге қол жеткізген соң ел сізді жоғалтып алды. Спорттық мансабыңызға нүкте қоюыңызға не түрткі болды?

- Әуесқой бокста жүрген мен 2000 жылы кәсіпқой боксқа ауыстым. Дебюттық кездесуім Ресейде өтіп, ресейлік спортшыны жеңдім. Кейін жекпе-жектерге сұраныс түсе бастады. 2004 жылы спорттан кетіп, құқық қорғау саласына жұмысқа тұрдым. Бірақ, онда бір жыл істеп, спорттық карьерамды жалғастыруға бел будым. 2009 жылдың сәуіріндегі жеңісімнен соң тамыз айында Украинада жекпе-жек өткізіп, жасымның келуіне байланысты спорттан түбегейлі кеттім.

- Спорттық мансабыңыздағы өкінішті сәттеріңізді есіңізге алыңызшы...

- 1995 жылы Шымкентте бір жоғары оқу орнының басшысының құрметіне турнир өтті. Сол кезде өзбекстандық боксшы Руслан Шағаевқа есе жіберіп қойдым. Бұл жеңіліс маған қатты ауыр тиді. Себебі өзімнің туған қаламда шеберлігімді көрсете алмағаныма қынжылдым. Одан кейін жеңілістер болмады дей алмаймын. Спорт болған соң бәрі болады ғой. Менің әлсіз тұсым солақай спортшылармен жұдырықтасу еді.

- Спорттан мүлдем бас тартқандардың кейбірі шылым тартып, ішімдікке әуес болып кетіпті дегенді жиі естиміз. Ал сіз ше?

- Кез келген адамның қателігі болады ғой. Мен де оларды басымнан өткергенмін. Бірақ, қазір өзімді-өзім тәрбиелеп, ондайдан жанымды аулақ ұстаймын.

- Қазір көлігіңізбен жолаушы тасымалдайды екенсіз. Бұл кәсіппен айналысып жатқаныңызға неше уақыт болды?

- Спорттан кеткен соң зауытта жұмыс істедім. 2012 жылдан бері «таксовать» етіп келемін.

- Жалпақ тілмен айтқанда, «клиентті» қайдан табасыз?

- Мен кәсіби «таксист» емеспін. Арнайы бір жерде тұрып, жолаушы торауылдап отырмаймын. Көлігіме жанармай құйып алып, қаланы аралап жүремін. Жол бойында тоқтататындар болса, бағасына келісіп, жеткізіп тастаймын. Бұл жұмыстың өз қызығы бар. Түрлі адамдармен тілдесесің. Одан бөлек қалада мұнай саласы бойынша бір мекеменің күзетшісімін. Жалақым - 40 мың теңге.

- Өзіңізді танып жататындар көп пе?

-  Ондай жағдайлар жиі боп тұрады. Кейде қалжыңдап, «Жоқ, мен Талғат емеспін» деймін. Ал кейде шындығымды айтып, тез тіл табысып кетеміз. Кейбірі «Мына жүрісің не?.. Сен сияқты жігіттер басқа жақта отыру керек қой» деп ақылын айтып жатады.

- Ол сөздер намысыңызға тимей ме?

- Өзіңіз айтыңызшы, жолаушы тасымалдауда тұрған не бар? Әлде менікі ұят па?..

- Өзге әріптестеріңіз қолғабын шегеге ілген соң бапкерлікпен айналысып жатады. Ал сіз неге олай жасамадыңыз?

- Ол кезде ондай ой болмаған шығар. Ал қазіргі таңда ондай жоспарым бар. Қалалық спорт мектебінің басшысы өзімнің досым. Соған жұмыс сұрап барғанмын. Әзірге жаттығу  залының тапшылығына байланысты шәкірт тәрбиелеу жұмысыма тосқауыл болып тұр. Зал қай күні босаса, сол күні бапкерлікті қолға аламын. Кейбіреулер «Талғат - ол жалқау. Қолынан келмеген соң «таксист» болып жүр» деп айтатын шығар. Бірақ, мен жалқау емеспін.

- Бүгінде жаттығу залына бас сұғасыз ба?

- Иә, аптасына 2-3 рет залға барып, жаттығып тұрамын.

-  Олимпиада ойындарына үш рет қатысып, бағы жанбаған жерлесіңіз Біржан Жақыпов туралы не айтасыз?

- Негізі Біржанда спортқа деген қызығушылық пен еңбектің барлығы бар. Бірақ, бақ дегенде болады ғой. Бағы жанбады. Мүмкін психологиялық тұрғыда кедергілер болған шығар. Мүмкін ол салмағын ауыстыру керек болды ма, не дегенмен жас та емес. Бәлкім басқа себебі бар ма, ол жағын білмеймін. Білетінім, Біржан жақсы спортшы. Еңбекқор. Тек жақсы сөз айтамын ол туралы.

- Спортта «аға-көкесіз» қиын деп жатады? Сонымен қатар қомақты қаржың болмаса, бағыңның ашылуы екіталай дейтіндер де бар. Мұнымен келісесіз бе?

- Келісемін...

- Сонда сіздің де көкеңіз болды ма?

- Жоқ, менің жеңістерімнің барлығы тек өз еңбегімнің арқасы. Ал қаржы жағына келсем, кез келген спортшы жақсы жаттығып, тәжірибесін жетілдіру үшін қаражат керек. Онсыз болмайды. Демеушің болмаса, жарыстарға қалай барасың? Мен өзім мәселен, кәсіби бокста «спарринг» ойындарға барып жүрдім. Федерацияның көзіне іліну үшін нәтижең болу керек. Қолдайтын адамың болмаса, қиын спортта. Бірақ, ең бастысы спортшының сол салаға деген қызығушылығы болуы керек.

- Демек, Бокс федерациясынан қайран жоқ дегіңіз келіп тұр ғой?..

-  Біздің кезімізде кәсіпқой бокс енді қолға алынып  жатты. Ал қазір жетістіктер бар. Спортты енді бастап келе жатқандарға негізі қиындау.

 - Оларға айтар кеңесіңіз бар шығар?..

-  Бірінші кезекте қызығушылық пен таза еңбек қажет.

- Сұхбатыңызға рахмет.

Тағы оқыңыздар:

Қостанай облысында кәсіпкер келіншек із-түссіз жоғалып кетті

Астанада 2 млн теңге пара алған шенеунік сотталып кетті

Еліміздегі министрлер миллион теңге жалақы алатын болып шықты

Қасымов көшеде дәрет сындырған полицей үшін қатты ұялды

Нұрлан Ноғаев Сағынтаевтан тағы да сөз естіді

ШҚО-да лифтінің ішінде 9 жастағы қызға жыныс мүшесін көрсеткен азғын іздестірілуде

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1273755-tanymal-boksshy-qalay-qatardaghy-taksi/