Бокстан Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан командасының бір боксшысы жарыс жолынан шығып қалды. Осы орайда, команда бас бапкері Мырзағали Айтжанов аталған кездесуге қатысты өз ойын айтты, деп жазады Bassport.kz.
60 келідегі Талғат Сырымбетов екінші кезеңде былтырғы Азия чемпионы, иорданиялық Мохамед Абу-Джаджехтен жеңілді.
Отандық жанкүйерлер төрешілердің қарсыласқа бүйрегі бұрғанын жазып, желіде пікірлерін жаудыруда.
"Әлем чемпионаты болған соң, барлық жекпе-жек тартысты өтеді. Қарсыластардың бәрі де мықты дайындықпен келген соң, олардан үнемі бір саты жоғары болу қиын. Талғаттың қарсыласы да осал емес. 2022 жылғы Азия чемпионы атанған спортшы. Кездесу оңай болған жоқ, бірақ біз боксшымызға ризамыз. Барын салды, аянған жоқ. Біздің тапсырмамызды шама келгенше орындады. Өзім де оны жеңілді деп ойламаймын. Бірақ төреші қарсыластың қолын көтерген соң, жеңіліске көнуге тура келеді. Амал жоқ, көнуге тура келеді.
Үшінші раундта бұдан да жақсы жұдырықтасуға болатын еді. Сырымбетовке тәжірибе жетпеді. Ол басқа боксшыларымыз секілді екінші немесе үшінші әлем чемпионатына қатысып жатқан жоқ. Әлем біріншілігіне алғаш рет келіп отыр. Сол тәжірибенің аздығынан, жеңіске деген құштарлығының тым қатты болуынан бассыз алға кеткен кездері болды. Сондай сәттерде, ашық төбелеске кеткенде соққылар жіберіп алады. Жеңіске деген тым қатты құштарлықтың кері әсері де болатынын ұмытпау керек.
Талғат әрі шыңдалады, ысылады, тәжірибе жинайды. Оған ризамыз. Ал шағым түсіруге келетін болсақ, аппеляцияны кез-келген кездесуден соң қабылдай бермейді. Есеп 2:3 болғанда немесе тым қатты күмәнді жағдайлар тіркелгенде ғана қабылайды", - деді Мырзағали Айтжанов.
Айта кетелік, Талғат Сырымбетов бұл кездесудегі жеңілісті мойындайтынын ашық айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2019254-amal-zoq-konuge-tura-keledi-bas-bapker-syrymbetovtin-zenilisinen-son-ne-aitty/