Бүгін Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатында тағы бір қазақстандық боксшы жеңіліс тапты. Санатәлі Төлтаев Маврикадан келген Ришарно Колинге есе жіберді. Осыдан соң, ағайынды боксшыларға жанкүйерлер сынды қарша боратуда, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Санатәлі Төлтаев 63,5 келі салмақтағы Қазақстанның бірінші нөмірлі боксшысы. Ал оның сыңары, 60 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін Саматәлі Төлтаев жақында допинг қабылдады деген күдікпен құрамадан шеттетілген еді.
Ташкенттегі әлем чемпионатында Төлтаев күтпеген жерден Маврика аралының өкілі Ришарно Колиннен ұтылды. Ришарно үш Олимпиада ойындарына қатысып, қандай да бір нәтиже көрсетпеген. Оның ең үлкен жетістігі - Бүкілафрикалық ойындардың алтын жүлдесі.
Аталған кездесудегі Санатәлінің жеңілісі отандық бокс жанкүйерлерінің ашуын келтірді. Олар боксшының кешірім сұрағанына қарамастан, Қазақстан бокс федерациясының желідегі ресми парақшасында пікірлерін жаудыруда.
"Төлтаевтарды алып тастау керек", "Ағайынды Төлтаевтар, жолдарың болмады ғой. Мүмкін, жаттықтырушы болып шәкірттерінің жолдары болар. Боксты қою керек сендерге. Қанша жерге бардыңдар түк нәтиже жоқ. Құр бекерге басқа жас жігіттердің бағын байлап отырсыңдар", "Күш-жігерді салу керек еді немесе орынды босату керек еді", "Қайдағы 30 боксшының арасында жоқ боксшыдан жеңілдің! Ал сен 11 орында тұрған боксшысың!", - деп жазды желі қолданушылары.
Айта кетелік, бокстан әлем чемпионатын Қазақстанның екі спортшысы аяқтап отыр. Бұған дейін Саматәлі Төлтаев ұтылған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2019456-toltaevtardy-alyp-tastau-kerek-mavrikalyq-sportsydan-zenilgen-otandyq-bokssy-qatal-synnyn-astynda-qaldy/