Ташкентте (Өзбекстан) өтіп жатқан бокстан әлем біріншілігінде ширек финал жекпе-жектері басталады. Бұл кездесулердің ішінде Қамшыбек Қоңқабаев пен әйгілі Бахадүр Жалоловтың текетіресі де бар, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Қоңқабаев пен Жалолов әуесқой бокстағы ең ауыр салмақ дәрежесінде бірнеше жылдан бері айқасып келеді.
Өкінішке қарай, қазақ боксшысы өзбек қарсыласын ресми жарыстарда бір рет қана жеңген. Қалған жекпе-жектердің барлығында Бахадүрдің бағы мен бабы сай келді.
Қамшыбек әйгілі өзбек қарсыласынан Азия чемпионатында үш рет жеңілген. Алдымен 2017 жылы Ташкентте өткен Азия біріншілігінің финалында, кейін 2019 және 2021 жылғы сары құрлық сынының ақтық айқасында есе жіберді.
2019 жылы Екатеринбургте өткен әлем біріншілігінің финалында да Қамшыбек Қоңқабаев ежелгі өзбек қарсыласынан 0:5 есебімен ұтылған болатын.
Токио Олимпиадасында көпшілік Қоңқабаев пен Жалоловты финалда кездеседі деп болжады. Бірақ аталған сында Қамшыбек жартылай финалда сүрініп, Бахадүр Олимпиада чемпионы атанды.
Бүгінге дейін Қоңқабаев айтулы қарсыласын бір-ақ рет ұтқан. 2017 жылы Гамбургте (Германия) өткен әлем біріншілігінің ширек финалында ол Жалоловтан есе қайтарған еді.
Қамшыбек Қоңқабаев аса ауыр салмақта әлем және Азия чемпионаттарының күміс, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері.
Екі алыптың айқасы бүгін өтеді. Жекпе-жек кешкі сессияға жоспарланған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2019911-alyptar-aiqasy-qonqabaev-bugin-atysuly-ozbek-qarsylasynan-ese-qaitara-ma/