Бокстан Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатында Дулат Бекбауов финалға шықты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
67 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Дулат Бекбауов әлем және Еуропа чемпионаттарының жүлдегері, грузиялық Лаша Гурулимен жұдырықтасты.
Тартысты өткен жекпе-жекте отандық боксшы төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.
Осылайша, Дулат Бекбауов Махмұд Сабырхан, Санжар Тәшкенбай секілді Ташкенттегі әлем біріншілігінің финалына жолдама алды.
Айта кетейік, бокстан Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионаты 14 мамыр күні аяқталады. Байрақты бәсекеге Қазақстан намысын қорғау үшін 13 боксшы аттанып, оның сегізі жарыс жолынан шығып қалды. Жүлдесіз қалған спортшылардың қатарында Қамшыбек Қоңқабаев, Сәкен Бибосынов, Серік Теміржанов, Санатәлі Төлтаев, Сағындық Тоғамбай, Талғат Сырымбетов, Айбек Оралбай және Нұрқанат Райыс бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2020317-alem-cempionaty-tagy-bir-qazaq-bokssysy-finalga-syqty/