Бокстан Ташкентте өткен әлем чемпионатының аяқталғаны белгілі. Қазақстан жалпыкомандалық есепте екінші орыннан көрінді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Байрақты бәсекеде жалпыкомандалық есепте бірінші орында Өзбекстан құрамасы алды. Жарыс қожайындарының қоржынында 5 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль бар.
Екінші орын 4 алтын және 1 күміс жүлде жеңіп алған Қазақстан құрамасына бұйырды.
Үздік үштікті Ресей қорытындылады. Олар 2 алтын және 4 қола медальға ие болды.
Ал әуесқой бокста атой салатын кубалықтар Өзбекстан астанасындағы жарыста төртінші орыннан көрінді. Бостандық аралынан келген спортшылар 1 алтын, 3 күміс, 2 қоланы еншіледі.
Сонымен қатар Франция құрамасының бір боксшысы Ташкенттегі әлем біріншілігінде чемпион атанды.
Осылайша, бокстан 2023 жылғы әлем чемпионатында бес елдің спортшылары ғана алтын медаль жеңіп алды.
Еске сала кетсек, 13 мамырда қазақстандық спортшы Санжар Тәшкенбай әлем чемпионы атанса, Дулат Бекбауов күміс медаль еншіледі.
Ал 14 мамырда Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов және Нұрбек Оралбай ел қоржынына алтын медаль салды.
Ташкенттегі байрақты бәсекеге Қазақстан намысын қорғау үшін 13 боксшы аттанып, оның сегізі жарыс жолынан ертерек шығып қалды.
Жүлдесіз қалған спортшылардың қатарында Қамшыбек Қоңқабаев, Сәкен Бибосынов, Серік Теміржанов, Санатәлі Төлтаев, Сағындық Тоғамбай, Талғат Сырымбетов, Айбек Оралбай және Нұрқанат Райыс бар.
Халықаралық бокс федерациясы ұсынған ақпаратқа сәйкес, байрақты бәсекенің чемпиондарына - 200 мың, екінші орын алғандарға - 100 мың, қола жүлдегерлерге 50 мың доллардан берілген.
Яғни, қазақстандық төрт боксшы 200 мың доллардан алған. Олар: Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов және Нұрбек Оралбай. Ал Дулат Бекбауов 100 мың долларға ие болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2020637-bokstan-taskentte-otken-alem-cempionatynda-bes-eldin-bokssylary-gana-altyn-medal-algan/