Түркістан тұрғындары Сәкен Бибосыновтың Париж Олимпиадасындағы жекпе-жегін амфитеатрда тікелей эфирден тамашалады, деп жазады KAZ.NUR.KZ Түркістан облысы әкімдігінің Telegram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап.
Қазақстан құрамасының боксшысы, Түркістан өңірінің өрені Сәкен Бибосынов Париж Олимпиадасындағы алғашқы жекпе-жегін сәтті бастады.
"Бұл жекпе-жекті Түркістан жастары мен тұрғындары амфитеатрда тікелей эфирде тамашалады. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев бастаған түркістандық жанкүйерлер спортшымызға қолдау көрсетті", - деп жазады ведомстводан.
51 келі салмақта бақ сынаған Бибосынов бірінші кездесуде 2024 жылғы Еуропа чемпионы, талантты Самет Гумушпен (Түркия) кездесті.
Отандасымыз барлық раунда өте шебер жұдырықтасты. Алғашқы раундта 4:1 есебімен алға шықты. Екінші раундта ол басымдықты толық қолға алып, 5:0 есебімен жеңді. Үшінші раундта да Сәкен соққыларын дәл тигізді.
Осылайша, Айтжановтың шәкірті айқын жеңіске жетті.
Бибосыновтың ширек финалдағы қарсыласы да анықталды. Ол – өзбекстандық Хасанбой Дусматов. Қос мықтының жеңгені жүлдеге қол созады.
Еске сала кетейік, бұған дейін біз дзюдошы Ғұсман Қырғызбаевтың қола алған сәтін ордабасылық жерлестері мәдениет үйінде тамашалағанын жазған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2142397-parizh-olimpiadasy-saken-bibosynovtyng-algashqy-zhekpe-zhegin-turkistandyqtar-amfiteatrda-tamashalady-foto/