Париж Олимпиадасының қола жүлдесін жеңіп алған боксшы Назым Қызайбайдың ата-анасы қызының жетістігіне пікір білдірді. Олар перзентінің алғашқы Олимпиадасында жүлделі орынға ие болғанына қуанышты екенін жеткізді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
- Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбайдың ата-анасы қызының жетістігіне қуанышты екенін білдірді.
- Әкесі Назымның 2028 жылғы Олимпиадаға қатысуы белгісіз екенін және қызының отбасын құру керектігін айтты.
- Анасы Назымның Олимпиадаға қатысу арманы орындалғанын және оның жас кезінен бастап спортқа бейім болғанын жеткізді.
Назым Қызайбайдың әкесі қызының 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадаға қатысуы жайлы айтты. Спортшының әкесі қызына тұрмыс құрып, отбасылы болу керек екенін алға тартты.
"Қызымыз аман-есен оралсын. Алтын деп ойлап едік, болмады. Қытай боксшысы да мықты болды. 2028 жылғы Олимпиадаға қатысуын нақты айта алмаймын. Келген соң көреміз. Өзі жасы болса келіп қалды. Отбасылы болу керек дегендей. Бұл бірінші Олимпиадасы ғой. Бірден қола алды. Осыған ризамыз", - деді әкесі.
Боксшының анасы Олимпиадаға қатысу Назымның бала күннен келе жатқан арманы екенін жеткізді.
"Назым қытай қызынан жеңілсе де, қола жүлдеге ие болды. Оған мың да бір шүкір. Олимпиадаға бару Назымның арманы болатын. Бара салып жеңіліп қалса, жаман күйде болар едік. Құдайға тәуба, қола жүлдегері болып жатыр. Қазағымыздың туын желбіретіп жүре берсін. Өзі төртыншы сыныптан бастап ұлдармен соғысып жүретін. Жетінші сыныпта жолдасымның ағасы спортқа алып келді. Көп еңбектенді. Басқа қыздар сияқты тастап кеткен жоқ", - деді Назым Қызайбайдың анасы Қазақстан телеарнасына берген сұқбатында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2145591-altyn-dep-oilap-edik-bolmady-nazym-qyzaibaidyng-ata-anasy-qyzynyng-qola-zhuldesine-pikir-bildirdi/