Ұлттық Олимпиадалық комитеттің бас хатшысы Жанар Өтешова Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбайға қолдау білдіріп, желіде жазба жариялады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ жазады.
- Ұлттық Олимпиадалық комитеттің бас хатшысы Жанар Өтешова Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбайға Instagram арқылы қолдау білдірді.
- Өтешова Қызайбайдың мейірімділік, шынайылық, батылдық сияқты қасиеттерін атап өтіп, оны қазақстандық әйелдер боксының бет-бейнесі ретінде сипаттады.
- Жанар Өтешова Назым Қызайбайдың қола медалін "алтынға пара-пар" деп бағалап, оның жеңісімен құттықтады.
Жанар Өтешова ел қоржынына қола түсірген боксшы Назым Қызайбайды Instagram-дағы парақшасында құттықтаған. ҰОК бас хатшысы спортшы аруға қолду білдіріп, оның бойындағы асыл қасиеттерді тізіп шықты.
"Оның бойында мейірім мен шынайылық, нәзіктік пен батылдық үйлесім тапқан. Онымен әңгімелесу – бір ғанибет. Ол өзіне не керегін, қаншалықты мықты екенін және қай жерде не жетпейтінін жақсы біледі. Ол - батыл. Ол адамның бетіне тік айтудан қорықпайды, осы қасиеті маған да ерекше ұнайды. Ол әйелдер боксынан қазақстандық спорттың бет-бейнесіне айналған жан. Оны талай адам үлгі тұтты, оған ұқсағысы келген талай жан спортқа бет бұрды. Ол - мықты. Боксқа қолын бір сілтеп, спорттан кетіп қалатын сәттерде мойыған жоқ. Берілген жоқ. Ол - чемпион! Қола медаліңмен құттықтаймын, Назым! Бұл медаль біз үшін алтынға пара-пар", - деп жазды Жанар Өтешова.
Айта кетейік, Назым Қызайбай Париж Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Отандасымыз жартылай финалда Қытай спортшысы Ву Юмен кездесіп, оған 4:1 есебімен есе жіберді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2146231-sporttan-ketip-qalatyn-satterde-moiygan-zhoq-uok-bas-hatshysy-nazym-qyzaibaiga-qoldau-bildirdi/