Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Басты қарсылас – Өзбекстан": бас бапкер жақында болатын Азия чемпионаты туралы айтты

Жарияланған күні:

Қайрат Сәтжанов
Қайрат Сәтжанов. Фото: olympic.kz

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы жақында Таиландтың Чиангмай қаласында өтетін Азия чемпионатында бақ сынайды. Осы орайда ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов боксшылардың дайындығы, басты қарсыластар және алға қойылған мақсаттары туралы айтты, деп KAZ.NUR.KZ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қайрат Сәтжановтың айтуынша, Қазақстан құрамасы Азия чемпионатына тыңғылықты дайындықпен барады, құрама сапында Олимпиада жүлдегерлері мен әлем чемпиондары бар.

"Қазір біздің құрама әлемдегі ең мықты командалардың бірі екені сөзсіз. Осы жігіттер Азия чемпионатына барады. Менің ойымша, көптеген спорт түрлерінде біздің бокстағыдай құрам іріктелмеген. Біздің командада 11 еңбек сіңірген спорт шебері, әлем және Азия чемпиондары, Олимпиада жүлдегерлері бар.

Жазда біз Украина құрамасымен бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Одан кейін Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған турнирге қатыстық. Бұл турнир Азия чемпионатына дайындық кезеңдерінің бірі болды. Біз барлық құрама мүшелерінің, оның ішінде Олимпиадада өнер көрсеткен боксшылардың да қатысуын талап еттік.

Тек Нұрбек Оралбай, Асланбек Шымбергенов және Қамшыбек Қоңқабаевқа ғана демалыс берілді. Бұл шешім олардың жарақатына байланысты қабылданды. Қалған боксшылардың барлығы Шымкенттегі шаршы алаңға шықты. Орта есеппен әрқайсысы үш-төрт жекпе-жек өткізді. Керемет турнир болды. Қарсыластар өте мықты. Естеріңізге сала кетейін, жарысқа Түркия, Украина, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген спортшылар да қатысты", - деді Қайрат Сәтжанов.

Бас бапкердің сөзінше, құраманың басты мақсаты – мүмкіндігінше көп алтын медаль жеңіп алып, командалық есепте көш бастау.

"Спортшыларға жүктелген міндеттер – мүмкіндігінше көп алтын медаль жеңіп алып, командалық есепте бірінші орын алу. Сонымен қатар турнирдің үздік боксшысы біздің командамыздан шыққанын қалаймыз. Құрамамызда чемпион атағына лайықты спортшылар өте көп", - деп пікір білдірді бас бапкер.

Қайрат Сәтжановтың айтуынша, Азия чемпионатында басты қарсылас Өзбекстан құрамасы болса да, Таиланд, Қырғызстан, Қытай, Филиппин, Моңғолия және Оңтүстік Кореяның да бәсекеге қабілетті спортшылары бар, бұл медаль үшін тартыстың өте жоғары деңгейде өтетінін көрсетеді.

"Әрине, басты қарсылас – Өзбекстан құрамасы. Олимпиададан кейін олар әлемдегі ең үздік командалардың қатарына енді. Оларда атақты, әрі мықты боксшылар көп. Дегенмен, басқа елдерде де күресуге қабілетті спортшылар бар. Таиланд, Қырғызстан, Қытай, Филиппин, Моңғолия және Оңтүстік Корея боксшылары бәсекеге қабілетті. Өздеріңіз білесіздер, Париждегі Олимпиада ойындарында азия құрлығының спортшылары көп медаль жеңіп алды. Сондықтан Азия чемпионатында медаль үшін бәсеке өте жоғары деңгейде өтеді. Біз сол жерде алтын медаль үшін күресеміз", - деді Қайрат Сәтжанов.

Айта кетейік, бокстан Азия чемпионаты 29 қараша мен 11 желтоқсан аралығында Таиландтың Чианг Мэй қаласында өтеді.

Кеше, 21 қарашада бокстан Азия чемпионатына қатысатын Қазақстан ерлер құрамасы жасақталған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2191233-basty-qarsylas-ozbekstan-bas-bapker-zhaqynda-bolatyn-aziia-chempionaty-turaly-aitty/