Бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің жүлдесіне арналған Қарағандыдағы турнирге әлемге әйгілі боксшылар сыйлы қонақ ретінде келді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Cпортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қарағандыда екі дүркін әлем чемпионы, ХХХ жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы, Вэл Баркер кубогының иегері Серік Сәпиевтің жүлдесіне арналған жарыс өтіп жатыр. Турнирге 2009-2010 жылдары (14-15 жас) дүниеге келген ұлдар мен қыздар қатысуда. Жүлдеге 300-ге жуық жас былғары қолғап шебері таласып жатыр. Бәсекеге Қазақстанның өңірлерінен бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Грузия елдерінен де спортшылар келген.
Турнирдің сыйлы қонақтары қатарында екі дүркін Олимпиада чемпионы, бес дүркін әлем чемпионы Хулио Ла Круз, екі дүркін Олимпиада чемпионы, Панамерика ойындарының үш дүркін жеңімпазы Арлен Лопес, кәсіпқой бокстан Грузия федерациясының президенті, әуесқой және кәсіпқойлар арасында әлем мен Еуропа чемпионы Георгий Канделаки, кәсіпқойлар арасында әлем және Еуропа чемпионы Борис Мдинаридзе, Ресей ұлттық құрамасының бапкері, Еуропа чемпионы, әлем біріншілігінің екі мәрте жүлдегері Геннадий Ковалев бар.
Еске салайық, 29 қараша мен 11 желтоқсан аралығында Таиландтың Чианг Мэй қаласында өтетін бокстан Азия чемпионатына қатысатын Қазақстан ерлер құрамасы жасақталған еді. Сондай-ақ құрлық додасында ел намысын қорғайтын әйелдер командасы да белгілі болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2191254-la-kruz-kandelaki-cerik-sapievting-turnirine-dangqty-boksshylar-zhinaldy-foto/