Top.Mail.Ru
Спорт

Зектілері

"Басқалары қобалжыса, ол рингке шығуға асығады": Қайрат Сәтжанов Төрехан Сабырхан туралы айтты

Жарияланған күні:

Төрехан Сабырхан
Төрехан Сабырхан. Фото: instagram.com/boxingkazakhstan

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов жас боксшы Төрехан Cабырханның ерекшелігін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Youtube желісіндегі "Спорт министрі" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Төрехан Сабырхан жақында ересектер арасындағы Қазақстан біріншілігіне алғаш рет қатысып, чемпион атанған еді.

"Төреханды жасөспірім кезінен білемін. Кейбіреуі шаршы алаңға шығар алдында қобалжиды ғой, ал бұл жігіт рингке шығуға асығады. Ол сахнаға шыққан жұлдыздар сияқты көрерменнің қошеметін жақсы қабылдайды.

Шәкірттеріме "Әлем чемпионатына барған соң жай ғана жеңімпаз емес, үздік боксшы болу керек" деп айтқанмын. Төрехан әлем біріншілігінен келген соң "Қайрат аға, айтқаныңызды істедім, чемпион ғана емес, үздік боксшы болдым" деді. Жеке бапкері Ілияс бауырымызға көп рахмет айтамын. Төрехан да бапкері де ізденімпаз. Олар мықты боксшылардың, мысалы, Флойд Мейвезердің әдістерінен өздеріне керегін алған", - деді Қайрат Сәтжанов.

Биыл қарашада Төрехан Сабырхан Будвада (Черногория) өткен әлем біріншілігінің финалында кубалық Давид Эспиноcа Сантояны жеңіп, алтын медаль еншілеген болатын. Сонымен бірге ол жарыстың үздік боксшысы атанды.

Еске салайық, Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Мұхтархан Ділдәбеков Төрехан Сабырханның шеберлігі туралы пікір білдірген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2206896-basqalary-qobalzhysa-ol-ringke-shyguga-asygady-qairat-satzhanov-torehan-sabyrhan-turaly-aitty/