
Кезекті қарсыласы белгілі болған қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы жанкүйерлеріне үндеу жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Құрметті жанкүйерлер, бұйырса 5 сәуір Астана қаласында жұдырықтасамыз! Өз елімде, сіздердің алдарыңызда өнер көрсетуді мақсат етіп жүр едім, оған да жеттік! Бұйырса екі әлем чемпионы титулын қорғаймыз! Qazaq Style-ды ринг қасында, аренада отырып тамашалайсыздар! Жеңісті күнде жүздесейік!", - деп жазды боксшы Instagram желісіндегі парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Top Rank промоутерлік компаниясы орта салмақта WBO және IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының кезекті жекпе-жегіне қатысты мәлімдеме жасаған еді.
Компания өкілдерінің хабарлауынша, Жәнібек Әлімханұлының кезекті қарсыласы франциялық – Анауэль Нгамиссенге. Бұл жекпе-жекте қазақстандық боксшы чемпиондық белдіктерін қорғайды.
Жекпе-жек 5 сәуір күні Астана қаласындағы "Барыс Арена" мұз сарайында өтеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2218470-oz-elimde-oner-korsetudi-maqsat-etip-zhur-edim-zhanibek-alimhanuly-zhankuierlerine-undeu-zhasady/