
Иордания астанасы Амманда өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында әпкелі-сіңлілі Аяулым мен Камилла Оспановалар топ жарды. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Амманда өткен жасөспірімдер арасындағы халықаралық біріншілікке 15-17 жас аралығындағы 400 спортшы қатысқан.
Бұл жарыста Шахтинск қаласында тұратын әпкелі-сіңлілі Аяулым мен Камилла Оспановалар ел қоржынына екі алтын медаль салды.
13 жастағы Аяулым 63 кг дейінгі салмақ дәрежесінде Азия чемпионы атанды.

16 жастағы әпкесі Камила 70 кг дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алды.

Чемпион арулардың әкесі әрі жаттықтырушысы Жеңіс Оспановтың айтуынша, қыздары жарысқа тыңғылықты дайындалған.
"Қарсыластарымыз өте күшті, ең мықты спортшылар Үндістан, Өзбекстан және Украина спортшылары болды. Бірақ біз осылай болатынын, Камилла мен Аяулымның кіммен жұдырықтасатынын білдік. Жеңіске сенімді болдық деуге болады", - дейді Жеңіс Оспанов.

Камилла мен Аяулым әкесі мен атақты қазақстандық спортшыларға қарап, бокспен әуестене бастаған. Аяулым 2017 жылы теледидардан боксшы Фируза Шәріпованың жекпе-жегін көріп, шабыт алған.
"Ол "Экспо-2017" көрмесі кезінде өткен жекпе-жек еді. Сонда Аяулым: "Мен де осындай болғым келеді", - деді. Содан бері 7 жастан бастап жаттығады. Үлкен қызым Камилла боксқа сәл кешірек, 12 жасында келді", - дейді Жеңіс Оспанов.
Енді қыздар тынығып алғаннан кейін Бахрейндегі Азия ойындары мен әлем чемпионатына дайындықты бастайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2241495-ammanda-zhasospirimder-arasyndagy-aziia-chempionatynda-bir-uiding-qyzdary-top-zhardy-foto/