"Ары қарай да Шымкенттің намысын қорғаймын": боксшы Төрехан Сабырхан маңызды мәлімдеме жасады
Опубликовано:

Боксшы Төрехан Сабырхан ел ішіндегі жарыстарға Атырау облысының емес, туған қаласы Шымкенттің атынан қатыса беретінін мәлімдеді. Бұл туралы былғары қолғап шебері Instagram желісіндегі парақшасында хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Ассалаумағалейкум қазақ елі! Мен ары қарай да Шымкенттік намысын қорғаймын!
Иә, осыған дейін Атырау облысына ауысамын деп хабарлаған ем. Ол жаққа мені Бауыржан Кәрімов ағам шақырған. Жақында ол кісі Шымкент бокс федерациясының вице-президенті қызметіне келді.
Жаңа қызметіне келе салысымен біз кездесіп, әңгімелестік. Оның қорытындысы бойынша мен Шымкентте қала беретін болдым.
Бұған дейін айтқанымдай, мен тек ішкі біріншілікте жеке бір өңірдің намысын қорғаймын. Ал шет елге шыққанда Қазақстанның көк туын көтеремін.
Қолдау білдіріп отырған барлығыңызға рақмет. Ел намысын абыроймен қорғау үшін тынбай еңбектенемін!" - дейді Төрехан Сабырхан.
Айта кетейік, Төрехан Сабырхан 2006 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Ол – жастар және жасөспірімдер арасында төрт дүркін Азия чемпионы атанған Қазақстан тарихындағы тұңғыш боксшы, 2024 жылғы Будва қаласында өткен жастар арасындағы әлем біріншілігінің чемпионы.
2024 жылғы желтоқсанда Төрехан ересектер санатына өтті. 2025 жылғы наурызда Странджа кубогының жеңімпазы атанды. Жуырда Таиланд астанасы Бангкокта өткен Thailand Open халықаралық турнирінде 70 келіде топ жарды.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2253417-ary-qarai-da-shymkentting-namysyn-qorgaimyn-boksshy-torehan-sabyrhan-mangyzdy-malimdeme-zhasady/