Головкин Сауд Арабиясында жүр: GGG шаршы алаңға оралуы мүмкін бе
Опубликовано:
Сауд Арабиясының астанасында өтіп жатқан бокс кешіне қазақстандық аңыз былғары қолғап шебері Геннадий Головкин де барды, деп хабарлайды 1bol.kz.
Эр-Риядта әлем назарын аударған бокс кеші өтіп жатыр. Кештің басты ерекшелігі – P4P (салмақ дәрежесіне қарамастан, үздік боксшылар рейтингі) топ-10 тізіміне кіретін екі боксшының шаршы алаңға шығуы. Ал шоу "Жапония vs Мексика" форматында құрылған.
Кештің мәртебелі қонақтары арасында бұрынғы әлем чемпионы Головкин де бар. DAZN трансляция кезінде GGG-дің қазіргі мәртебесіне арнайы тоқталып өтті.
"Қазір ол – World Boxing ұйымының президенті, әрі 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасындағы боксты қадағалайтын тұлға", - деді комментаторлардың бірі.
Головкин әзірге мансабына қатысты тоқетерін айтпағанын ескерсек, оның Сауд Арабиясына сапары жанкүйерлердің жақсы жаңалықтан үміттенуіне себеп болғандай. Естеріңізде болса, 23 қарашада GGG World Boxing президенті болып сайланғаннан кейін, мансабына қатысты шешім шығаруға асықпайтынын ашық айтты.
"Қазіргі бокстағы позициям анық, бірақ мансабымды аяқтадым деп те айта алмаймын. Уақыт көрсетеді", – деген еді Головкин.
43 жастағы Геннадий соңғы рет шаршы алаңға 2022 жылдың қыркүйегінде шықты.
Соңғы үш жылда әлемдік бокстың негізгі демеушісіне айналған Сауд Арабиясы – Головкиннің қоштасу жекпе-жегін ұйымдастыруға әлеуеті толық жететін алаң. Эр-Риядта өтіп жатқан ауқымды шоулар соның айқын дәлелі болса керек.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2325980-golovkin-saud-arabiiasynda-zhur-ggg-sharshy-alangga-oraluy-mumkin-be/