Алматыда күрес түрлерінен Поддубный лигасы өтеді. Аталған сынға екі дүркін Олимпиада, үш дүркін әлем чемпионы Роман Власов та қатысқалы жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
PWL-4 турнирінде жалпы есебі 19 кездесу өтеді. Оның ішінде екі дүркін Олимпиада, үш дүркін әлем чемпионы, ресейлік Роман Власов пен қазіргі әлем және Азия чемпионы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Ақжол Махмұдовтың жекпе-жегі басты белдесу болмақ.
"Мен бұл белдесуді асыға күттім. Себебі біздегі жағдай орын алған соң, Ақжол Олимпиаданың күмісін иеленіп, әлем чемпионы атанды. Ресейлік балуандар халықаралық жарыстарға қатыса алмаған соң, Ақжол екеуміздің жолымыз түйіспей кетті. Ертеңгі кездесуге тас-түйін дайынмын", - деді Власов баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ еркін күрестен Олимпиада чемпионы Заур Угуев (Ресей) пен қазіргі әлем чемпионы Зелимхан Абаканов (Албания) арасындағы белдесуді де жанкүйерлер асыға күтуде.
Қазақстандық балуандардан Азамат Дәулетбеков, Болат Сақаев және Жәмила Бақбергенованың өнерін тамашалаймыз.
Азамат Дәулетбековтің қарсыласы – ресейлік Арслан Багаев. Болат Сақаев PWL-2 турнирінің жеңімпазы, ресейлік Ахмед Усмановпен белдеседі. Жәмила Бақбергенова PWL-2 турнирінің екі дүркін чемпионы, ресейлік Ксения Бураковаға қарсы шығады.
Жалпы алғанда, PWL-4 додасында 13 елдің балуандары бақ сынамақ. Поддубный күрес лигасы – әлемнің үздік балуандарының қатысуымен өтетін кәсіби балуандар лигасы. Мұндағы жүлде қоры да қомақты. 2022 жылы турнир үш рет ұйымдастырылды. Оның екеуі Мәскеуде, біреуі Бішкекте өткен.
Осы уақытқа дейін Поддубный лигасында әлемнің 15 мемлекетінен мыңға жуық балуандар қатысты. Олардың қатарында бес Олимпиада чемпионы, төрт әлем чемпионы мен оннан аса Олимпиада, әлем, Азия және Еуропа чемпионаттарының жүлдегерлері бар. Турнир биыл да ауқымын кеңейткелі отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2018255-bul-kezdesudi-asyga-kuttim-eki-durkin-olimpiada-cempiony-aigili-baluanmen-beldesu-usin-almatyga-keldi/