Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жеңсең – батырсың, жеңілсең – қорқақсың": Елдос Сметов ұлттық құрамадағы бәсекелестік туралы айтты

Опубликовано:

Елдос Сметов
Елдос Сметов. Фото: olympic.kz

Дзюдодан Абу-Дабиде өтіп жатқан әлем чемпионатына Елдос Сметов те қатысты. Отандасымыз қола жүлдеге таласып көрді. Бірақ 3-орын үшін бәсекеде жапон балуанына есе жіберіп, 5-орынды қанағат тұтты. Дегенмен осы көрсеткіші үшін оған 700 ұпай берілді. Елдос алдағы Париж Олимпиадасына қатысудан үмітті. Бірақ 60 келіде Сметовтен бөлек тағы екі балуан бар. Сондықтан Парижге нақты кімнің баратыны әлі анықталған жоқ, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ 1bol.kz сайтына сілтеме жасап.

– Елдос Сметов Олимпиадалық құрама қашан жасақталады? 60 келіде қазір үш спортшының мүмкіндігі бар.

– Оны әлі нақты білмеймін. Спортшы ретінде сапта тұрған соң, хабарым жоқ. Әлем біріншілігі аяқталған соң, осы мәселе көтеріледі. Федерация, Ұлттық олимпиада комитеті, Туризм және спорт министрлігі, бапкерлер штабы бір келісімге келуі тиіс. Мына жігітке қазақтың намысын абыроймен қорғайды деп сенеміз деп айтуы керек. Спортшы ретінде өзім үміткерлер қатарындамын. Әлем чемпионатының алдында да көптеген дау-дамайлар болды... Бұл енді әркімнің жеке пікірі. Мен ешкімнің аузына қақпақ бола алмаймын.

– Бұл жайт психологиялық тұрғыдан әсер етті ме?

– Мұндай сөздерді бірінші рет естіп тұрған жоқпын. Етіміз үйреніп кеткен. Осы жылдар ішінде көптеген сынақтан өттім. Талай негатив естігенмін. Бұл жолы тек сын емес, қолдаушылардың жанашырлығын да сезіндім. Олардың саны негатив айтушылардан көп болды. Әлем біріншілігінде де ерекше қолдау көрсеткен жанкүйерлерді байқадым. Татамиде күрескенде мұны сезіну жаныңды рахатқа бөлейді екен. Шын жаны ашитын қазақ халқына ризашылығымды білдіремін.

Мен 15 жылда ел дзюдосына көп еңбегім сіңді деп ойлаймын. Мұндай дауға дейін дәрежемді түсіретін адамдар болса, оларға ештеңе айта алмаймын. Әр нәрсенің өзі бағасы болады. Айтылатын сөзді де мекенжайына дұрыс бағыттай білу керек. Ешкімге ренжімеймін, өкпем жоқ. Бұл – өмір. Жеңсең батырсың, жеңілсің – қорқақсың. Мұндай дау-дамайдың талайын көргенмін. Сол үшін ұтылып қалдым деп айта алмаймын.

Көшеден келген адам емеспін. Жауапкершілікті мойынмен көтеріп, сезіне аламын. Жылдың басындағы Grand Slam, Gran Prix турниріндегі нәтижелеріме қарағанда, әлем біріншілігімдегі көрсеткішім ең жоғары. Демек, әлемдік додаларда ел намысын қорғауға дайын екенмін.

Еске салайық, дзюдодан әлем чемпионатына өтпей қалған Шамшадиннің бапкері мәлімдеме жасаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2104152-zhengseng-batyrsyng-zhengilseng-qorqaqsyng-eldos-smetov-ulttyq-quramadagy-basekelestik-turaly-aitty/