Әйелдер күресінен Қазақстан құрамасы тарихта алғаш рет Олимпиада ойындарына қатыспайды. Өйткені бірде-бір спортшы жолдама иелене алмады. Мемлекеттік жаттықтырушы, әйелдер күресінен ұлттық құраманың бұрынғы мүшесі Айым Әбділдина бұл жағдайға не себеп болғанын айтты, деп хабарлайды Sportbugin.kz сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
2016 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Айым Әбділдинаның пікірінше, әйелдер күресінен Қазақстан командасының Олимпиадаға бірде-бір лицензия алмауының себебі – шетелде өтетін жаттығу жиындарының аздығы мен бапкерлер біліктілігінің төмендігі.
"Менің күрестен кеткеніме көп болды. Қазір мемлекеттік жаттықтырушы болып қайта оралдым. Қыздарымыздың Париж Олимпиадасына қатыспайтыны жанымызға батады. Бірақ амал жоқ. Қазіргі деңгей осындай. Меніңше, ең бірінші кезекті бапкерлердің біліктілігін арттыру керек. Бәрі ескі әдіс-тәсілдермен жұмыс істейді. Бізге жаңашылдық керек деп ойлаймын.
Екіншіден, тәжірибелі балуандар командадан кеткен соң жаңа буыннан жарқырап ешкім шыққан жоқ. Жәмила Бақбергенова ғана жетістігімен қуантты. Қалған жас спортшылар өз әлеуетін көрсете алмады. Яғни, бізде резерв мәселесі әуелден бар.
Үшіншіден, әйелдер күресі бізде айтарлықтай жақсы дамымаған. Біз күресіп бастағанда да жағдай осындай еді. Бірақ біздің буынның өкілдері шетелде, тіпті мына Ресей мен Беларусьта өтетін жаттығу жиындарына көп қатысты. Солармен төбелесіп жүріп, күресуді үйреніп алғанбыз. Бұлай айтсам, бапкерлер ренжитін шығар. Алайда бұл – шындық.
Ал қазіргі құраманың қыздарын шетелдегі жарыстар мен жаттығу жиындарына апармайды. Нәтиженің төмендеуіне осы да үлкен себеп. Қаражат бөлініп жатыр, соны ретімен игеру керек", - деді Айым Әбділдина.
Еске салайық, тарихта алғаш рет әйелдер күресінен Қазақстан құрамасы Олимпиадаға қатыспайтынын жазған едік. Команда өкілдері Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарында, Бішкектегі және Ыстанбұлдағы лицензиялық турнирлерде бақ сынағанымен, жолдама иелене алмады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2129550-qazirgi-denggei-osyndai-alem-chempionatynyng-qola-zhuldegeri-qazaqstandyq-baluandardy-synady/