Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев финалдық бәсекедегі жеңілісін ой елегінен өткізіп, пікір білдірді. Грек-рим күресінің шебері Олимпиададан соң шабыты қайта ашылғанын да айтты, деп KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
- Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев финалдағы жеңілісін талдап, өзіне деген сенімсіздігін мойындады.
- Жадыраев Олимпиададан кейін күреске деген шабытының қайта оянғанын және денсаулығының жақсы екенін айтты.
- Спортшы "Күміс те жаман емес. Бұйырса, чемпиондық атаққа да қол жетер" деп, болашаққа үмітпен қарайтынын білдірді.
"Финалда өзіме деген сенімсіздік болды. Әйтпесе, жапон балуанын төрттағаннан көтеруге де, лақтыруға да күшім жетіп тұрған. Тактиканы да дұрыс қойдық. Шыға салып, ұпай аламын деген ой мүлде болмаған менде. Бірден екі ұпаймен алға шыққанымнан өзім де шошып кеттім-ау. Толқынысты жеңе алмадым.
Шыны керек, жеңілген соң сөйлеу де оңай емес. Жеңіп тұрып сөйлегенге не жетсін? Кілемнен түскен бойда өзімді қоярға жер таппағаным да рас. Халқыма алтын жүлде арнағанымда болатын еді. Күміс те жаман емес. Бұйырса, чемпиондық атаққа да қол жетер.
Олимпиададан соң, күреске деген шабытым қайта ашылды. Жарақатым жоқ, денім сау. Кілемнен әзір кетпеймін", - деді Демеу Жадыраев.
Айта кетейік, грек-рим күресінен 77 кг дейінгі салмақ дәрежесіндегі бәсекенің ақтық сынында Демеу Жадыраев пен Нао Кусака күрескен еді. Олимпиада алтынына таласта Кусака 5:2 есебімен жеңіп, чемпион атанған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2151915-kilemnen-azirge-ketpeimin-demeu-zhadyraev-olimpiadadan-keiingi-aserin-bolisti/