Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Демеу Жадыраевтың бапкері: Олимпиада жүлдесін жиырма жыл күттім

Жарияланған күні:

Боранбек Қоңыратов пен Демеу Жадыраев
Боранбек Қоңыратов пен Демеу Жадыраев. Фото: olympic.kz

Демеу Жадыраевтың жеке бапкері Боранбек Қоңыратов Париж Олимпиадасында шәкіртінің қасында бола алған жоқ. Десе де бозбала кезінен Демеуді бауырына басқан маман жол ұзақтығы мен сағат айырмасына қарамай, шәкіртіне сымсыз байланыс арқылы ақыл-кеңесін айтып отырды. Жадыраев Олимп тұғырына көтерілген соң, бапкерді қаумалап, сый-құрметін көрсетіп  жатқан қауымда есеп жоқ. Бірақ Боранбек бапкердің бұл жеңісті бес олимпиадалық цикл бойы армандап, 20 жыл күткенін бірі білсе, бірі білмейді. Olympic.kz батыр ұлдың әкесіндей болған жаттықтырушысы Боранбек Қоңыратовты сөзге тартқан болатын, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Олимпиадаға өзім жете алмадым, шәкірттерім жетті...

– Өзім бар өмірімді күреске арнаған адаммын. КСРО-да күрес танымал спорт түрі болды, азды-көпті жетістіктерім бар. Алайда, түрлі себептермен Олимпиадаға жолым түскен жоқ. Спортшы ретінде арманыма жете алмадым. Содан соң бұл биікке шәкірттерім шықса деген мақсат пайда болды. Шыны керек, бүгінге дейін қаншама балуан тәрбиеледім. Бірнеше жазғы ойынға өз спортшыларымды үкілеп қостым. Бірақ Олимпиада жүлдесі бұйырмай қойды. Жазғы Олимпиада ойындарынан медаль күткеніме 20 жыл толыпты! 20 жыл бойы шапқылап, бес олимпиадалық циклді артта қалдырыппын. Осы аралықта жүйкеге қанша рет салмақ түсті, қаншама тер төгілді, қанша еңбек артта қалды. Демеудің Париждегі күмісі жиырма жылғы еңбектің өтеуі болғандай. 

2008 жылы Дархан Баяхметов, 2012 және 2016 жылдары Алмат Кебіспаев, 2020 жылы Демеу Жадыраевқа тақым қыстым. Осы балуандарым бар күшін салса да, бабы келгенімен, бағы жетпей қалды. 

Баяхметов Бейжің Олимпиадасын бесінші орынмен аяқтаса, Кебіспаев Лондонда бесінші, Риода жетінші орынға тұрақтады. Токио Олимпиадасына Демеу де қатысты. Бесінші Олимпиадада ғана медальға қол жетті. 2024 жылы Франция төрінде, жазғы ойындарда медаль алу бақыты Демеуге бұйырыпты. Қазіргі қуанышымды сөзбен жеткізе алмаймын. Шәкіртімнің өңірінде алтын медаль жарқырап, бүкіл әлемді Қазақстанның әнұранына тік тұрғызғанда деген арман да бар... Бірақ бұйырғаннан артығы жоқ, солай емес пе?! Қазір не десек те, қалай талқыласақ та, бізге осы күміс медаль жазылыпты. Сондықтан бәріне ризамыз, барлығына шүкір етеміз. 

Демеуден мейірім төгіліп тұрады

– Демеу маған 11-сыныптан кейін келді. Алғашқы бапкері Жұмақан Тұрғанбековтің менен үш жастай үлкендігі бар. Өзі ауылда тұрғасын, шәкіртін маған аманаттады. "Осы баладан бірдеңе шығады", - дегені есте. Қазір ойлап қарасам, Жұмақан бапкер көреген екен. Көз алдындағы талай балуанның арасынан осы Демеуді жетелеп, алып келгенін айтсаңызшы?! Болашақ чемпионды бала күніне таныған ғой?! 

Қарсы алдымда бойы ұзындау келген жігіт тұрды. Білеуленіп тұрған бұлшықеті жоқ екен. Алда әлі талай жұмыс барын ұқтым. Демеу күшін арттырып, бұлшықет жинау үшін тынымсыз еңбек етті. Тіпті бұған қанша уақыт кеткенін де білмеймін. Ең бастысы – менің тапсырмамды бұлжытпай орындайтын. Табанды, еңбекқор болып өсті. Жадыраевтың 34 жасында Олимпиада финалына шыққаны оның қаншалықты төзімді екенін көрсетеді, соны ұмытпау керек. Әйтпесе қаншама талантты балуандар жанып кетті... Күнкөрістің қамы үшін күресті тастап кеткендер қаншама?! Жеңілісті көтере алмай, сынып кеткендердің санында шек жоқ. Сонша балуан арасынан қиындықты еңсеріп, кілемде де, кілем сыртында да рухын жоғалтпаған жігіт дер едім Демеуді. Шыны керек, Олимпиада жүлдесіне барар жолда Демеу маған, мен оған себепші болып, бір-бірімізді толықтырып отырдық. 

Қазір менен Демеуді қандай адам деп сұрайтындар көп. Демеу – жүзінен мейірім төгіліп тұратын жігіт. Мейірімділігі сонша,  өзінен ойсырай жеңіліп жатқан қарсыласын аяп, соған қолдан ұпай беріп қоятын балуан (күлді). Сенесіз бе, қарсыласын аяп, жеңіліп қалған сәттер өте көп  болды. Белдесуде тым жақсы жеңіп келе жатады да, біраз ұпай алға кеткен соң, жоқ жерден қарсыластың әдісіне түседі. Көп жағдайда ұпайды өз еркімен сыйлайды. Қарсыласын аяйды. Табиғаты сондай жігіт. Талай рет бұлай болмайтынын айтып, қаншама рет осы тақырыпты қозғадық. Бұл мәселені реттеу үшін көп жұмыс істегенімізді жасырмаймын. 

Спорттағы шәкірттерім баламдай болып кеткен...

– Бар ғұмырымды күреске бергенімді айттым жоғарыда. Менің бүкіл өмірім осы күреспен, балуандармен тікелей байланысты. Тіпті мен өз балаларымнан гөрі, спорттағы  балаларымды көп ойлаймын (күлді). Осының бәрін түсінетін аяулы жар жолықтырғаным үшін бақыттымын. Әйтпесе, үйдің бетін көрмейміз, бала тәрбиесіне де араласып жатқаным жоқ. Бар шаруамды жұбайым тындырып отыр. Менің алаңсыз жүруіме де сол кісінің түсіністікпен қарайтыны үлкен демеу. 

Спортта жүрген бапкерлер өз шәкірттерін "балам" деп айтады. Егер біреудің шәкірті жүлде алса: "Балаң медаль алды, құтты болсын!", - дейміз. Тіпті, жай ғана жарыстың хабарын сұрайтын болсақ та: "Балаң не істеді? Қалай күресті?", - дейтініміз  бар. Бұл - бапкерлер арасындағы жазылмаған заңдылық. Сол секілді, мен де бәрін "балам" деймін. Әйеліме телефон шалып: "Балаларың қалай?", - деп сұраймын (күлді). Себебі, біздің балаларымыздың тәрбиесін сол кісі мойнына алған. Ол кісі де қарап қалмайды: "Балаларың қалай?", - деп менен шәкірттерім жайлы сұрайды. Мен өзімдегі жаңалықтарды тізбелей кетем. Отбасында осындай түсіністік болмаса, бапкердің де нәтиже шығаруы қиын. Біз ел спорты үшін, Қазақстанның әлемдік аренадағы абыройы үшін үй-күйімізді ұмытып, қызмет етеміз. Еңбегіміз өтеліп жатса, басқа бақыт не керек?!

Балаларым ауырып қалса, шыдай алмаймын. Бірінің құлағы, бірінің мұрны, бірінің тамағы ауырып жататын кездер болады. Сол кезде жаттығудан шығып, әрқайсысын емдеуге асығамын. Олар маған өз мансабын сеніп тапсырса, мен оларды күрес әлемінде жетелеп келемін. Сол байланыс мықты болса, бапкер де, баласы да алысқа барады.

Айта кетейік, грек-рим күресінен 77 кг салмақ дәрежесіндегі бәсекенің финалында Демеу Жадыраев жапон балуаны Нао Кусакамен күресті. Олимпиада алтынына таласта Жадыраев қарсыласына 5:2 есебімен жол беріп, күміс медаль еншілеген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2164819-demeu-zhadyraevtyng-bapkeri-olimpiada-zhuldesin-zhiyrma-zhyl-kuttim/