БАҚ-та қазақстандық дзюдошы Жансай Смағұлов спорттық мансабын аяқтады деген ақпарат тарап жатыр. Осыған байланысты Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз хатшысы пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Дзюдодан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов ҰОК-ға берген сұқбатында Жансай Смағұлов Қазақстан чемпионатына қатыспағанын, бапкерлік қызметке ауысқанын айтқан. Кейбір ақпарат құралдары бапкердің осы сөзіне сүйеніп "Жансай Смағұлов мансабын аяқтады" деген ақпарат таратып жатыр. Алайда Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз хатшысы бұл ақпаратты жоққа шығарды.
"Ол аяғына өте күрделі ота жасатқан. Қазір қалпына келгенше жастармен жаттығу жасап жүр. Қаңтарда толық жаттығуға қосылады", - деп федерацияның баспасөз хатшысы KAZ.NUR.KZ тілшісіне жауап берді.
Айта кетейік, 32 жастағы Жансай Смағұлов соңғы рет наурызда Аустрияның Линце қаласында өткен әлемдік гран-приде белдесті. Сол кезде дзюдошы мексикалық Улисес Мендесті жеңген соң, жарақатына байланысты турнирді жалғастыра алмаған болатын.
Жансай Смағұлов — әлемдік гран-придің үш кезеңінің жеңімпазы (2015, 2017, 2018), екі кезеңінің қола жүлдегері (2016, 2017), екі Азия чемпионатының қола медаль иегері (2016, 2017), "Үлкен Дулыға" турнирінің екі кезеңінің финалисі (2020, 2021), Қазақстанның спорт шебері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, екі Олимпиаданың (2016, 2021) және бір Азиаданың (2018) қатысушысы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2189585-eki-olimpiadaga-qatysqan-qazaq-dziudoshysy-mansabyn-aiaqtagany-ras-pa/