Қырғызстандық балуан Ақжол Махмудовтың әкесі Мұхаммед Махмудов Париж Олимпиадасында ұлының нашар өнер көрсетуіне кімдер кінәлі екенін айтты. Бұл туралы ол журналист Эмир Арстанбекуулуның YouTube арнасына берген сұқбатын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ
Париж Олимпиадасында грек-рим күрес шебері Ақжол Махмұдов 77 кг дейінгі салмақ дәрежесінде қола медаль жеңіп алды. Ал дәл осы салмақта қазақстандық балуан Демеу Жадыраев күміс еншілеген болатын. Олимпиаданың ширек финалында Демеу Жадыраев қырғызстандық Ақжол Махмудовты 3:1 есебімен жеңді.
"Ақжол мен Жоламан Олимпиада жеңімпазы болатынына сенімді едім. Қыздардан ондай үміт күтпедім, себебі олардың қарсыластары өте мықты болды.
Ақжолдың Олимпиада чемпионы бола алмағанына екі адам кінәлі: бірінші – мен кінәлімін, екінші – оның жеке бапкері Мейрамбек Ахметов кінәлі. Мен Ақжолды бақылауда ұстай алмадым, көбіне Ош қаласында болдым. Мен Ақжолды оның жеке бапкері бақылап жүр деп ойладым, ал жаттықтырушысы болса, әкесі бақылап жүр деп ойлаған екен.
Ақжол моральдық және психологиялық тұрғыда дайын болмады. Физикалық тұрғыда дайын еді. Олимпиада төрт жылда бір өтеді, бірақ өте қысқа уақытта шешіледі. Мұнда психологиялық дайындық өте маңызды. Ал Ақжолдың ойында басқа нәрсе болды. Бірақ ол әзірге құпия болсын.
Ақжолдың басын басқа бір проблема мазалады. Бұл мәселе Олимпиададан да маңыздырақ болып шықты. Дайындық нашар болды, бірақ бұл жаттықтырушылардың кінәсі емес. Ол өзі психологиялық тұрғыда дайын болмады. Мұның себебін кейін білдік", - деді Мұхаммед Махмудов.
Айта кетейік, Ақжол Махмудов 2021 жылы Токиода өткен Олимпиада ойындарында күміс жүлдені қанжығасына байлаған болатын. Сондай-ақ қырғыз балуаны қатарынан екі мәрте (2022, 2023) әлем чемпионатында топ жарған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2209448-qyrgyz-baluany-aqzhol-mahmudovtyng-akesi-ulynyng-chempion-bola-almauyna-kim-kinali-ekenin-aitty/