Шымкенттік "Ордабасы" футбол клубының бас бапкері Александр Седнев қызметінен кететінін мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Meta-ratings.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Кеше, 15 тамызда шымкенттік "Ордабасы" клубы УЕФА Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңінде Арменияның "Пюник" (Ереван) командасына екі матчтың қорытындысы бойынша 0:2 есебімен жеңіліп, еурокубокпен қош айтысқан болатын.
Осы жеңілістен кейін команданың бас бапкері Александр Седнев қызметінен кететінін айтты.
"Алдымен "Пюник" клубын құттықтаймын. Өте қызық матч болды. Ойынның соңына қарай біз тәуекелге бардық. Қарсыласымыз қорғанысымыздағы осал тұсты тауып, гол соқты. Ойыншыларым бар күштерін салды,алаңда барын берді, дегенмен олар ойын алдында қатты уайымдады. "Пюник" қиын қарсылас екенін түсіндік, бірақ біз оларды жеңе алатынымызды білдік. Өкінішке қарай, бізге қойылған міндеттердің бірін орындай алмадық. Командаға жаңа тыныс қажет және мен бұл туралы басшылық пен ойыншыларға хабарладым. Мен кетемін.
Бұл шешім ойын алдында қабылданды. Командаға жаңа серпін қажет, мен осы уақыт аралығында көптеген нәрсеге үйрендім. Бұл ұжымда төрт жыл қызмет еттім. Қазіргі уақытта біз чемпионатта көшбасшылар қатарында келеміз және команда алға қойған тағы бір міндетті орындайды деп үміттенемін", - деді Александр Седнев.
Айта кетейік, Александр Седнев 2021 жылдан бері "Ордабасы" клубын жаттықтырып келеді. Беларусь маманының жетекшілігімен шымкенттік клуб алғаш рет ел чемпионы атанып, Қазақстан кубогын жеңіп алды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2149644-eurokuboktagy-zhengilisten-keiin-ordabasynyng-bas-bapkeri-qyzmetinen-ketetinin-malimdedi/