Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов өз еркімен қызметінен кету туралы шешім қабылдады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ҚФФ-тың ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Әділет Барменқұлов 2022 жылы ақпанда ҚФФ басшысы болып сайланған еді. Ол осы қызметте Әділбек Жақсыбековті алмастырған болатын.
Барменқұлов тұсында ұлттық құрама 2023 жылы Еуро-2024 іріктеу кезеңінде рекордтық 18 ұпаймен тарихи көрсеткішке жетіп, Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шығуға бір қадам жақын болды.
"Әділет Назарбайұлының күш-жігерінің арқасында футзалдан Қазақстан құрамасының ФИФА мен УЕФА рейтингтеріндегі орны жақсарды. Ұлттық құрама УЕФА рейтингінде екінші орынға көтеріліп, әлемдік рейтингте үздік бес құраманың қатарына енді.
Біз Әділет Назарбайұлына Қазақстан футболын дамытуға қосқан үлесі, өз ісіне деген жауапкершілігі және көшбасшылық қасиеттері үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз", - делінген ҚФФ хабарламасында.
Федерация жарғысына сәйкес, жаңа президент ҚФФ кезектен тыс конференциясында сайланады. Оның уақыты жақын арада хабарланбақ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2184984-resmi-qazaqstan-futbol-federatsiiasynyng-prezidenti-qyzmetinen-ketti/