Қазақстандық кәсіпкер, спорт функционері Берік Қаниев футбол федерациясының басшысы қызметіне өз кандидатурасын ұсынбайтынын мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Қымбатты достар, осы күндері футбол федерациясының президенті лауазымына үміткер болуымды қалайтындарын айтқан адамдардан қоңыраулар көп болды. Сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Алайда, қазіргі жұмысбастылығыма байланысты өз кандидатурамды ұсыну жоспарымда жоқ. Соған қарамастан, федерацияны қолдап, сүйікті ойынымызды дамытуға әрқашан дайын екенімді айтқым келеді!", - деп Қаниев Instagram-дағы ресми парақшасында жазды .
Берік Қаниев 2023 жылдың 2 сәуірінен бері Қазақстан гольф федерациясының президенті болып қызмет атқарады. Ол Қазақстандағы компаниялардың бірінің директорлар кеңесінің төрағасы, сондай-ақ білім беру, спорт және экология саласындағы бірқатар әлеуметтік жобалардың құрылтайшысы.
Еске салайық, 8 қарашада Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов өз еркімен қызметінен кеткен еді. Жаңа президент ҚФФ кезектен тыс конференциясында сайланатыны және оның уақыты жақын арада хабарланатыны айтылған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2185598-qazaqstandyq-tanymal-kasipker-qff-prezidenti-qyzmetine-umitker-boludan-bas-tartty/