Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков биыл "Ордабасы" клубына бюджеттен 5,3 млрд теңге бөлінгенін айтты. Ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте бұл қаражаттың қайда жұмсалғанын да атап өтті.
Ғабит Сыздықбеков брифинг барысында журналистердің сұрағына жауап беріп, клубтың тығырыққа тірелген сәтін еске алды.
"Жалпы мен осы қалаға басшы ретінде келген уақытта "Ордабасы" командасының біршама қарызы болған. Олар ойынын әрі қарай жалғастыра ма, қаржылық жағдайы қалай, жалақысын ала ма деген сұрақтар туындап, тығырыққа тірелген сәт болған. Солардың бәрін қолға алып, бүкіл қарызды жабуға тура келді. Биыл біршама бюджет қарастырдық.
Келісімшарттардың біразын "Ордабасы" клубының бұрынғы басшылығы түзіп кеткен. Оның ішінде ойыншылардың жалақысы, клубтың ҚПЛ-да шығындары, ұзартқан келісімшарттар бар.
Нақтырақ айтқанда, әр келісімшарт нарықтағы басқа клубтар алатын айлықтан жоғары деңгейде жасалған. Ал UEFA-ға әр келісімшарт тіркеледі. Оны біржақты бұзуға жол жоқ. Сол себепті биыл 5,3 млрд теңге қаражат бөлдік.
Сондай-ақ ісі кәсіпкерлерді тарту арқасында осы жылы 1 млрд теңге демеушілік ақша қарастырылды. Биыл 16-дай футболшымыз келісімшартын тоқтатады. Келесі жылы өңірлерде көрсетілген көрсеткіштен артық бюджет бөлмейміз", - деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2191260-bukil-qaryzdy-zhabuga-tura-keldi-shymkent-akimi-ordabasy-klubyna-biyl-qansha-qarazhat-bolingenin-aitty/