Аргентиналық Хавьер Маскерано америкалық "Интер Майами" футбол клубының бас бапкері қызметіне тағайындалды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ клубтың ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
40 жастағы Хавьер Маскерано жұмыс құжаттарын алғаннан кейін қызметіне кіріседі. Маскераномен келісімшарт 2027 жылдың соңына дейін жоспарланған.
"Интер Майами" клубының тізгінін ұстау – мен үшін үлкен мәртебе. Осы мүмкіндікті барынша тиімді пайдалануға тырысамын. Бұл клубтың амбициялары мен инфрақұрылымы мені қатты қызықтырды. "Интер Майами" командасымен бірлесіп жұмыс істеп, клубты жаңа биіктерге көтеруге және жанкүйерлерге ұмытылмас сәттер сыйлауға асықпын," - деп мәлімдеді Маскерано.
"Интер Майами" клубының тең иесі Дэвид Бекхэм аргентиналық маманның командаға қосылуын құптап, оған жоғары баға берді.
"Өз мансабында әлемнің үздік ойыншыларының бірі және тәжірибелі бапкер ретінде Хавьер әрдайым өзін ұлы тұлға ететін қасиеттерді көрсетті. Біз оны командамыздың бас бапкері ретінде қарсы алғанымызға өте қуаныштымыз," - деп атап өтті Дэвид Бекхэм.
Еске салайық, "Интер Майамидің" капитаны Лионель Месси клубтың жаңа бас бапкері Маскераномен көп жыл бойы Аргентина құрамасы мен "Барселона" командасында бірге ойнаған. Сондай-ақ испаниялық клубта Хавьер Маскераномен бірге ойнаған Хорди Альба, Серхио Бускетс және Луис Суарес те қазіргі таңда "Интер Майамиде" өнер көрсетеді.
"Интер Майамидің" жаңа бас бапкері Хавьер Маскерано бұған дейін Аргентина жастар құрамасын жаттықтырған болатын. Оның жетекшілігімен команда биыл жазда Париж Олимпиадасына қатысқан еді.
Ал "Интер Майамидің" бұрынғы бас бапкері Херардо Мартино клубтың MLS-тің биылғы маусымындағы плей-офф кезеңіндегі сәтсіздігінен кейін қызметінен кетті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2193030-messiding-buryngy-komandalasy-onyng-zhanga-bapkeri-atandy/