Футболшы Ислам Чесноков шотландиялық клубтың ойыншысы атанды
Опубликовано:
Ислам Чесноков Шотландияның "Хартс" футбол клубына ресми түрде ауысты, деп хабарлайды Kazinform.
Агенттіктің хабарлауынша, бұл команда ел астанасы Эдинбург қаласының атынан сынға түседі. Олар Ислам Чесноковпен алдын ала келісімшартқа қол қойған еді.
Қазақстандық футболшының Қостанайдың "Тобыл" клубымен келісімшарты 2025 жылдың 31 желтоқсанында аяқталды. Сондықтан ол "Хартс" клубына еркін агент ретінде ауысуға мүмкіндік алды.
Басылым мәліметінше, Ислам Чесноков 1999 жылы Өскемен қаласында дүниеге келген. Сол қаланың "Алтай" командасының түлегі футболдағы алғашқы қадамын 2018 жылы өз ұжымында бастады. Одан кейін 2021-2022 жылдары Беларусьтің "Белшина" сапында ойнаған ол 2023 жылдан бері Қостанайдың "Тобыл" командасының намысын қорғап келді.
Өткен маусымда Ислам Чесноков қостанайлық клуб сапында барлық турнирде 29 ойын өткізіп, 10 гол соқты және 5 нәтижелі пас берді. Сонымен қатар ол Қазақстан кубогінің жеңімпазы атанды.
2023 жылдан бері ұлттық құрама сапында ойнап, 3 гол соғып үлгерді. Алғашқы голын 2023 жылдың 17 қарашасында Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында Сан-Марино құрамасының қақпасына енгізді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/football/2329380-futbolshy-islam-chesnokov-shotlandiialyq-klubtyng-oiynshysy-atandy/