
Грек-рим күресінен Өзбекстан командасын өрге сүйреп, әлем, Азия чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында жүлде салған қазақ баласы Елмұрат Тасмұратов үлкен спортқа келгеніне өкінетінін жеткізді, деп жазады Bassport.kz.
"Шыны керек, күресте аз-маз жетістікке жеттім, балуандар арасында танылдық. Алайда күреске келгеніме өкінемін. Сынбаған жерім қалмады, жүрек те, бауыр да үлкейіп кеткен. Талай жыл бойы салмақ қудым, көп шектеу қойдық. Үлкен спорт денсаулықты құртады екен.
Бапкер болудың да қиындығы көп. Бұрын тек өзің үшін уайымдап, өзіңе ғана жауап берсең, жаттықтырушы ретінде он балаңа жауаптысың. Тіпті Азия чемпионатында қатты уайымнан есімнен танып қалдым. Сол кезде-ақ бұл іс маған арналмаған-ау деген ой келді. Себебі денсаулықтан маңызды ештеңе жоқ. Әйтпесе бапкер болуды бұрыннан армандайтынмын.
Шетелге шыққан жарыс, оқу-жаттығу жиындары кезінде күнделігіме қолданған әдістер, жаттығудағы ерекшеліктерді түртіп жүретінмін. Соның бәрін өзім бапкерлікке бет бұрғанда қолдандым. Бізде көп мамандар тек бір тәсілдерді ғана қолданады, ал олар жалықтырып жібереді. Тиісінше нәтиже де көңіл көншітпеуі мүмкін", - деді Елмұрат.
Еске сала кетелік, бұған дейін Тасмұратов әйелімен ажырасқан соң АҚШ-қа кетіп қалғанын айтқан болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/olympiad/2018132-synbagan-zerim-qalmady-ozbekstanga-olimpiada-medalin-syilagan-qazaq-balasy-okinisin-zasyrgan-zoq/