Спорт

Зектілері

Алматыда Олимпиада жүлдегерлеріне жаңа пәтерлердің кілті табысталды (фото)

Жарияланған күні:

Олимпиада жүлдегерлеріне жаңа пәтердің кілті табысталған сәт
Олимпиада жүлдегерлеріне жаңа пәтердің кілті табысталған сәт. Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов Париж Олимпиадасының жүлдегерлеріне жаңа пәтерлердің кілтін табыс етті. Бұл туралы қала әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, бес спортшы жаңа пәтерге ие болған.

Спорттық гимнастикадан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нариман Құрбановқа екі бөлмелі пәтердің кілті берілген.

Нариман Құрбановқа жаңа пәтердің кілті берілген сәт
Нариман Құрбановқа жаңа пәтердің кілті берілген сәт. Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Ал қола жүлдегерлер боксшы Назым Қызайбай мен мерген Ислам Сәтбаевқа бір бөлмелі пәтерлердің кілті табыс етілген.

Жаңа пәтердің кілтін алған Назым Қызайбай
Жаңа пәтердің кілтін алған Назым Қызайбай. Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Жаңа пәтердің кілтін алған Ислам Сәтбаев
Жаңа пәтердің кілтін алған Ислам Сәтбаев. Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Сондай-ақ қола медаль иегерлері дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев пен тағы бір мерген Александра Ле жаттығу жиындары мен халықаралық жарыстарда болғандықтан, оларға пәтерлер кілттері Алматыға оралған соң беріледі.

пәтер кілттері
Жаңа пәтерлердің кілттері. Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы 20 тамызда Алматы қаласының әкімдігінде Париж Олимпидасының жүлдегерлерімен салтанатты кездесу өтті. Іс-шара аясында спортшыларға ақшалай сертификаттар, автокөлік кілттері, сондай-ақ тұрғын үй алуға сертификаттар табысталды.

Осы орайда әкімдік өкілдері спортшыларға жаңа пәтерлердің кілті неге енді табысталып жатқанын түсіндірді.

"Тұрғын үй беруге келетін болсақ, жүлдегерлерге берілген сертификат титулды спортшыларды пәтерлермен қамтамасыз ету тетігінің бірінші кезеңі болып табылады. Сертификаттар тапсырылғаннан кейін тұрғын үй сатып алу рәсімі іске қосылды. Бұл процесс жеке бюджетті қалыптастыруды және конкурс жариялаудан бастап шарттар жасасуға дейінгі барлық қажетті мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізуді қамтиды. Бұл процедуралар заңнамамен қатаң реттеледі және белгілі бір уақытты қажет етеді.

2025 жылдың 9 қаңтарында барлық заңды және сатып алу процедуралары аяқталды. Спортшылардың жайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшін пәтерлерде әрлеу жұмыстары жүргізілді. Спорт басқармасының қызметкерлері осы уақыт ішінде әр жүлдегермен байланыста болды және кілттерді тапсыру күні әрқайсысымен келісілді", - делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Парижде өткен жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне мемлекеттік төлемдер жіберілгенін хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/olympiad/2241447-almatyda-olimpiada-zhuldegerlerine-zhanga-paterlerding-kilti-tabystaldy-foto/