Шаңғымен тұғырдан секіруден Қазақстан командасы Бейжіңдегі қысқы олимпиада ойындарына төрт лицензия жеңіп алды деп хабарлайды Olympic.kz.
Қазіргі сәтте қазақстандық команда еншісінде ерлер арасындағы екі квота бар. Лицензия жекелеген атлеттерге емес, командаға беріледі. Сондықтан, соңғы шешімді қабылдау құқығы бапкерлерге берілген.
"Осы уақытқа дейін үлкен жұмыс атқарылды. Мойындау керек, іріктеу сыны өте қиын өтті. Әлемдегі бәсекелестік күн санап артуда, пандемияға байланысты жағдай да біздің жоспарларымызға бірқатар өзгеріс алып келді. Біз төрт лицензия иелендік. Біздің спортшылар қар үстінде де, құрғақ жерде де жаттығу өткізді. Спорттық бабын сақтады. Қыркүйек айында Щучинск қаласында шаңғымен тұғырдан секіруден ерлер арасындағы жазғы Гран-при сериясы өтті. К-90 тұғырынан секіруден Сергей Ткаченко алтыншы орын алды. Бұл Қазақстан командасы үшін тарихи нәтиже. Соңғы әлемдік жарыстарда Данил Васильев пен Сабыржан Мүмінов жақсы көрсеткіш тіркеп жүр.
Дәл қазіргі сәтте шешім қабылдау үстіндеміз. Шындығын айтар болсақ, Ткаченко мен Мүмінов арасында таңдау жасап жатырмыз. Олардың физикалық дайындығына жіті мән беріп, бапкерлермен ақылдасамыз. Соңғы әрі нақты шешімді сәл кейінірек хабарлаймыз. Қазір ең маңызды жарыс қарсаңында барлық карантин талаптарын сақтап, жаттығу жасап жатырмыз", - дейді команданың бас бапкері Қайрат Биекенов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1952747-sangymen-tugyrdan-sekiruden-beizin-olimpiadasyna-kimder-qatysady/