Ақтөбе облыстық спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров ауыз бекітіп, құран кітабын оқып жүр. Гір көтеруден 12 мәрте әлем чемпионы атанған ақтөбелік чемпион Рамазан айында жерлестерін осылайша таң қалдырды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Әлемдік додаларда ел намысын қорғайтын Евгений сәресіне тұрып, ауыз бекіту - ислам дінін қабылдауға жасаған алғашқы қадамдарының бірі екенін айтады.
"Бұл шешімге бірден келмегенім рас. Жақын достарымның ықпалы болды. Олар үнемі ораза ұстаудың пайдасы туралы айтып жүреді. Бауырластық сезім шешім қабылдауыма түрткі болды. Жасырмаймын, оразаның алғашқы бес күні ауыр өтті. Жұмыста көп адамдармен кездесесің, күн сайын 30-50 адамды қабылдағанда аузың кеуіп кетеді. Бір аптадан кейін үйреніп кеттім. Қазір қиындық жоқ. Сәресін ішіп, мұсылман бауырларыммен ауызашарға барамын. Алғашқы үш күн бойы қызым да менімен бірге ораза ұстадыі, - дейді Евгений Гончаров.
Айтуынша, ораза ұстау туралы ойын достары мен анасы дұрыс қабылдаған.
"Ислам діні - менің жаныма жақын. Достарым сыйлаған құран кітабым бар. Жақын достарымның бәрі - қазақ. Анам - неміс ұлтының өкілі. Қазақша әндерді жақсы көреді. Әсіресе "Анашым" әнін сүйіп тыңдайды. Үйде үнемі қазақ тіліндегі әндер қосулы тұрады. Ұялы телефонымда қазақша әндер көп. Қазақстанда өмірге келдім. Кезінде АҚШ-қа, Германияға жұмысқа шақырту болды. Бізге осы жер жақын. Туған жеріңе пайдаға жараудың өзі керемет", - дейді ол.
Евгений қазақ тілін де үйреніп жүр екен. Қазақы шапан кигенді ұнатады. Тіпті спорттық жарыстарға ұлттық нақышта безендірілген киімдермен шығып жүр.
"Шапандарымның көбін өзім алдым. Достарымның сыйлағаны да бар. Әдемі ғой, ұнайды. Қазақы оюларды велосипедіме де жапсырып алдым. Ұлттық нақыштағы оюлы футболкаммен әлемді аралаймын. Қызығып сұрайтындар көп", - дейді Евгений.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2016807-islam-dini-zanyma-zaqyn-gir-koteruden-alemnin-birnese-durkin-cempiony-evgenii-goncarov-ramazan-aiynda-auyz-bekitti/