Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде 12 жыл бойы балаларды спортқа ақысыз баулыған азамат бір ауылды чемпиондарға толтырды

Жарияланған күні:

Азамат Жалғасов
Азамат Жалғасов. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысындағы чемпиондарға бай ауыл көпке үлгі. Мың тұрғыны бар шағын ауылда 5 спорт шебері, 30 спорт шеберінен үміткер бар. Ауыл балалары әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы атанған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Азамат Жалғасов Родников ауылдық орта мектебіндегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Спорт жанашыры боп жүрген азаматты ауылдастары ерекше құрметтейді. Ауылдың әр баласын спортқа қызықтырған ол 12 жыл бойы балаларды тегін жаттықтырған.

"Бала күннен қазақ күресімен айналыстым. Осы мектептің түлегімін. Ауыл балалары көшеде басқа нәрсемен айналыспасын деп спортқа шақырдым. Баскетбол, футболдан балалар дайындадым. Қазір қазақ күресінен бала дайындаймын. Иә, ақысыз түрде балаларды жаттықтырған кездер болды. 2008 жылдан 2019 жылға дейін ауылдағы балаларды ақысыз спортқа дайындадым. Түрлі қиындықтар болды. Гірді өзімнің ақшама алатынмын. Металломдарды аралап, 40 шақты гір таптым. Шәкірттерім әлем чемпионы болса деп армандадым. Қазақ спортына үлес қосуды мақсат қылдым. "Жақсылық жасасаң балаға" деген бар. 12 жыл уақытым босқа кетпеді. Өкінбеймін, ауыл балалары жанып тұр. Сол балаларым қазір әлем чемпионы. Олардың өздері қазір жаттықтырушы боп жүр. Бір емес, екі әлем чемпионымыз бар. Гір, белбеу күресінен Азия ойындарының жүлдегерлері көп", – деді Азамат Жалғасов.

Азамат Жалғасов шәкірттерімен
Азамат Жалғасов шәкірттерімен. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысының Мәртөк ауданы Родников ауылында өткен жылы спорт кешені ашылды. Қазір ауылдағы барлық бала бос уақытын соның ішінде өткізеді. Орталықта спортпен айналысу үшін жағдай жасалған. Ересектер, жастар, оқушылар алаңсыз жаттығады. Азамат баптаған жастардың алды ауылға жаттықтырушы боп келген.

"2017 жылдан бастап гір спортының жаттықтырушымын. Азамат ағаның еңбегі зор. Чемпиондар тәрбиеледі. Биік табыстарға жетуіміз осы кісінің арқсы. Балаларымыз ел біріншіліктерінде бірнеше мәрте жүлдегер атанды. Облыста Мәртөк ауданы гір спортынан бірінші орында тұр. Қыз балаларға дейін келеді. Балалардың қызығушылығы жоғары, биік шыңдарды бағындыруды армандайды", – деді Мәртөк балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Әлішер Сағынтаев.

Бұл ауылдың қыздары да спорт десе елеңдеп тұр. Жаттығудан қалмайтын өжет қыздардың бос уақыты спорт залда өтеді.

"Үш жылдан бері гір спортына қатысамын. Әлі де жалғастырамын. Жаттықтырушы болғым келеді. Соған дайындалып жүрмін. Жеңістер әкеліп, ағайыма көмектескім келеді. Өзім спортты күрестен бастадым. Алғашында інім қатысты. Оның қасында жүріп, мен де қатысып кеттім. Күрестен кейін гір спортының жаттығуы басталады. Қызығып жүріп, ол жаттығуға да қалдым. Жарыстарға шықтым. Азияның күміс жүлдегерімін. Бұл бірінші жетістігім. Ел ішіндегі жарыстарда чемпион болдым. Барлығы осы ағайларымның арқасы. Күніге 2-2,5 сағат уақытты спортқа бөлемін. Қазақстанды әлемге таүытуды армандаймын. Ел әнұранын әлемдік чемпионаттарда ойнатуды армандаймын. Сол үшін жаттығып жүрмін", – деді 15 жастағы спортшы Нұрсұлу Қайратқызы.

Гір спортшыларының жаттығу сәті
Гір спортшылары. Фото: KAZ.NUR.KZ

Спорт саңлақтарын тәрбиелеген бапкер жайлы қалай айтсақ та жарасады. Азамат қазір ауыл балаларына бағыт беріп жүр. Олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық берілген.

Материал авторы: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2071422-aqtobede-12-zyl-boiy-balalardy-sportqa-aqysyz-baulygan-azamat-bir-auyldy-cempiondarga-toltyrdy/