Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жер үйді футбол залына айналдырған: ауыл тұрғыны өз күшімен балаларға арналған үйірме ашты

Жарияланған күні:

Бекжан Базарбайұлы шәкірттерімен
Бекжан Базарбайұлы шәкірттерімен. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қарағанды облысының тұрғыны Совет Бекжан Базарбайұлы ауыл балаларына арнап тегін футбол үйірмесін ашты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Қарағанды облысы, Шет ауданына қарасты Киікті ауылынында ерекше футбол үйірмесі бар. Ол үйірменің ерекшелігі замануи әдістер мен жаңа технологияда емес. Керісінше ондай жағдай болмаса да, спортқа деген құштарлықта. Тегін үйірме ашқан 23 жастағы Бекжан Базарбайұлының басты мақсаты ауыл балаларын жаман әрекеттерден алшақ ұстап, жақсы тұлға ретінде қалыптастырып шығу.

"Өзім де Киікті ауылында дүниеге келдім. Осы жерде білім алдым. 2018-2019 жылдары Степногорск қаласында отандық борышымды өтедім. Ал 2020 жылдан бері теміржолшы болып жұмыс істеймін. Десе де екі жыл бұрын Астана қаласында арнайы білім алып, D категориясының бапкері атандым. Ауылға келе сала, балаларға арнап тегін футбол үйірмесін аштым", – деді Бекжан Базарбайұлы.

Киікті ауылындағы футбол үйірмесі
Киікті ауылындағы футбол үйірмесі. Фото: KAZ.NUR.KZ

– Үйірмеге қатысқысы келетін балалар көп пе? Қазір қанша шәкіртіңіз бар?

– Негізі ауылымызда жасанды төсеніші бар футбол алаңы салынған. Десе де қыс айларында да доп тепкісі келетін балалар өте көп. Осы тұста Дәурен есімді көршім бос тұрған екінші үйін бізге дайындық жасау үшін берді. Үйірмеге қатысқысы келетіндер саны көп болғандықтан, қазір тек 25 бүлдіршінді дайындаймын. Сәуір айынан бастап жасыл алаңға шығамыз.

– Қандай қиыншылықтар болды? Ауыл тұрғындары көмек қолын созды ма?

– Жарты күнім жаттығу жасайтын үйдің пешін жағумен өтеді. Балалар тоңып қалмас үшін үйді жылытып тұрамын. Қанат Сатыбалды деген бала күнгі досым және Диас Адамбеков деген ауыл азаматы көмірмен қамтамасыз етті. Қазір барлығы жақсы. Тіпті балаларға арнап доп алып бергендер де көп. Солардың бірі "Ауыл футболы" жобасының негізін қалаушы Серік Мамбетов ағамыз. Бізге 10 доп, 11 футбол формасын және 50 арнайы құрал-жабдық алып берді. Сонымен қатар Жандарбек Аманкелдіұлы мен Мәрлен есімді Астанадағы бапкерге алғысымды айтамын.

– Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар? Жарыстарға қатысасыздар ма?

– Жан-жақтан жазып шақырып жатқандар көп. Маусым айынан бастап жарыстарға қатысамыз деп ойлаймын. Тәжірибе жинау үшін жолдастық кездесулер өткіземіз. "Ауыл футболы" жобасы күзде Астанада болатын турнирге шақырды. Оған да қатысамыз. Алдағы уақытта балаларды үш топқа бөліп, жаттығу өткіземін.

Осындай игі бастаманы қолдап жүрген ата-аналар бұл үйірменің балаларға әсері қандай деген сауалға жауап берді.

– Есімім Макешова Сандуғаш Ибрагимовна. Мирастың анасымын. Осы үйірмеден кейін баламның футболға ғана емес, оқуына деген ынтасы да арта бастады. Футболға бару үшін сабағын уақытылы орындап, асығып тұрады. Бұған дейін бос уақыт болса бірден телефон көруге асығып тұратын. Қазір ондай емес. Әр барған сайын жаттығулар ерекше өтеді дейді. Арасында ойындар өткізіп, кітапханаға да апарады екен. Күнтізбесі дұрысталып, қызығушылығы артуда.

Сонымен қатар ата-аналар алдағы уақытта үйірмені бұдан да жақсы талаптарда өткізуге мүмкіндік туса екен деген тілектерін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2072769-zer-uidi-futbol-zalyna-ainaldyrgan-auyl-turgyny-oz-kusimen-balalarga-arnalgan-uiirme-asty/