Футболдан Испания құрамасының 16 жастағы ойыншысы Ламин Ямаль Еуропа чемпионатына қатысумен қатар сабағын да қалдырмай оқып жүр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Ламин Ямаль 15 маусымда Испанияның Хорватияға қарсы ойынында негізгі құрамда алаңға шыққан еді. Осылайша Еуропа чемпионаты тарихындағы ең жас футболшы атанды. Ол 16 жасының 338-күнінде Еуро додасында дебют жасады.
Ямаль өзінің оқушы екенін де ұмытқан емес. Ол Еуропа чемпионатына қатысумен қатар сабағын да оқып жүр. Жас футболшының үй жұмысын орындап отырған сәтінің видеосы Испания футбол федерациясының Youtube арнасында жарияланды.
"Маған күн сайын әртүрлі тапсырма береді. Кейде көп, кейде аз. Егер біз ширек финалға шығар болсақ, олар маған салмақ салмайды деп ойлаймын. Бірақ демалыс күндері міндетті түрде жаңа тапсырмалар береді. Өйткені ол күндері ештеңе істемейтінімді біледі", - деді футболшы Испания футбол федерациясының баспасөз қызметі өкілдеріне берген сұқбатында.
Бүгін, 20 маусымда Испания құрамасы Еуропа чемпионатының 2-турында Италияға қарсы ойнайды. B тобындағы екі құраманың матчын сағат 23:50-де Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көруге болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2121072-kun-saiyn-tapsyrma-beredi-16-zhastagy-futbolshy-europa-chempionaty-men-oquyn-qatar-alyp-zhur/